Жетістіктер сараланды

Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен өткен аптада облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері Текелі қаласына келіп, шаhарымыздағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.
Жетістіктер сараланды

Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін әлеуметтік, инженерлік-көлік инфрақұрылымын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру мақсатында қолға алынған жол картасы аясында қаламызда 14 жоба қарастырылып, 218 жаңа жұмыс орындары ашылған.

Көшпелі брифинг форматында ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері қаламыздағы аталған бағдарлама аясында жасалған «Достық» шағын ауданындағы 6 көшенің күрделі жөндеу жұмыстарын, Қора өзені жағалауындағы күн энергиясынан қуаттанатын жарық шамдарын және балалар ойын алаңдары мен заманауи талаптарға сай жасалған Workout және шағын футбол алаңдарын аралалды.

Қала басшысы Батыр Қайыркенұлы журналистерді Орталық саябақтағы Амфитеатрдың құрылыс жұмыстарымен, «Техно Авиа Групп» тігін цехының қызметімен жан-жақты таныстырды. Сонымен бірге, қаламыздың туризмді дамыту бағытындағы мүмкіндіктері жайында да ақпараттар берді. 

Еске сала кетсек, биыл «Техно Авиа Груп» ЖШС қаламызда тігін цехының филиалын ашты. 

Мамыр айынан бастап қажетті  ғимаратты жөндеуден өткізген серіктестік «ЖАК» фирмасының 50 жоғары жылдамдықты тігін машинасын және 10 арнайы өндірісті тігін машинасын сатып алып, карантин кезінде халыққа қажетті медициналық қорғағыштарды тіге бастады. Қазір кәсіпорын сұранысқа сай бірреттік медициналық бетперделер, халаттар, комбинезондар және басқа да арнайы медициналық киімдер тігуде.

Серіктестік бүгінде қала тұрғындарынан 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, күніне 18-20 мың дана маскалар тігіп өндіріске шығарып отыр.

Биылғы жылы қаламызда іске асырылған жобалардың бірі – Амфитеатр құрылысы. 228 орындыққа арналған театр келесі жылдан бастап өз көрермендерін қабылдауға дайын. Алдағы уақытта  мерекелік шаралар, концерттер осы жерде өткізілетін болады. Көрінісі көз тартарлық театр құрылысы орталық саябақтың сәнін де асыра түсті. 

Сонымен қатар, қалалық әкімдік ғимаратында «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында «Сервистік әкімдік» ашылды.

Оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші  орынбасары Ж.Жұмабаев, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Қ.Манапов  қатысты.

«Сервистік әкімдік» жобасы – мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналғандығымен құнды.

 Сервистік әкімдікте 6 бөлім орналасқан, атап айтқанда: жұмыспен қамту, жер қатынастары, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сәулет және қала құрылысы бөлімдері арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер шоғырландырылған. Мұнда жалпы 58 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.

«Сервистік әкімдік» ыңғайлы күту алаңдарымен, техникалық жабдықталған жұмыс орындарымен, ақпараттық және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышымен жабдықталған.  Мұнда, сондай-ақ, балалар бұрышы да қарастырылған.

 Енді қала тұрғындарына барлық электрондық қызмет түрлерін, өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын мемлекеттік қызметтерді бір ғимаратта алуына мүмкіндік бар.

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.