Халық қамы – маңызды

Тұрғындар алдындағы есептік кездесуде ауыл әкімі Сергей Вишняков жыл бойы атқарылған жұмыстардың барлығы ауылдың экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Мемлекеттің ауылды қолдау саясаты, қаламыздың экономикалық даму жетістіктері шағын ауылдың тыныс-тіршілігіне оң әсерін тигізіп отыр. Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылған. Денсаулық сақтау, білім беру мекемесі жұмыс істеп тұр. Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына өріс ашуда. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 6 тұрғын 13,4 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Өткен жылы ауылда жаңадан шағын маркет ашылды. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен ауыл мектебі 3 жас маманмен толықты. Мемлекеттің қолдауымен олар ауылдан баспаналы болды. Өткен жылы 50 отбасына 2,6 млн теңгенің тұрғын үй көмегі, 24 отбасына 10,6 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.
Қала әкімі бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатынын, ауылдың тіршілігі қала дамуымен бірге үздіксіз жақсара беретіндігін алға тартып, тұрғындарды еңбек етуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, бірлесіп туған жерді көркейтуге еселі үлес қосуға шақырды. Кездесуден соң тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді.
«Горняцкий» шағынауданының тұрғындары да қала әкімінің есебін ынтамен тыңдап, алдағы атқарылатын жұмыстардың жемісті болуына сенім білдірді. Есептік кездесуден соң азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жеке сауалдарын назарға алу мақсатында әкімнің жеке қабылдауы ұйымдастырылды. Шағынаудан тұрғындары ішкі жолдардың жағдайын жақсарту, жекелеген үйлер бойынша ауыз су мәселесін шешу, №2 орта мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайту сынды көпке ортақ мәселелерді ортаға салды.
Тұрғындар тарапынан айтылған барлық сұрақтар мен ұсыныстар ескерілетінін атап өткен қала әкімі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен алдағы барлық жұмыстардың өзегіне айналатындығын жеткізді. Елдегі көшбасшы «Nur Otan» партиясымен бірге халықтың мұң-мұқтажын шешуге баса назар аударылып, іргелі істер көппен кеңесе жоспарланып, күш біріктіріле іске асырылатын болады.