Жаңғырған жаяу жүргіншілер жолы

Тау етегінде орналасқан тылсым сырға толы Рудничный ауылының жері тастақ болғанымен, күз-көктем айларында жауын-шашыннан жер лай-батпаққа айналады. Сондықтан ауыл ішінде жаяу жүру қолайсыздық тудыратын. Бұл мәселе ауылдық жиындарда бірнеше рет көтерілген. Игі бағдарламаның арқасында түйінді мәселе шешімін тауып, Бейбітшілік және Ескелді би көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Құрманғазы көшесінің бо-йына жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынды. Құрылыс жұмыстарын «Хан Тенгри Құрылыс» ЖШС мердігерлік компаниясы жүргізді.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет тарапынан бөлінген қаражат есебінен ауылдықтарды таза ауыз сумен қамту мақсатында Мельничный бұлағынан жаңа су қабылдау құрылғысы орнатылды. Еске сала кетсек, ауылдық округтегі бұрынғы су құрылғысы осыдан 70 жыл бұрын қолданысқа берілген, бүгінде жарамсыз. Нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Шымыр» ЖШС жүргізді.
Биыл Рудничный ауылдық округінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған екінші жоба – футбол алаңының құрылысы. Нысан құрылысына жауапты мердігер – «Элит Строй» ЖШС.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған игілікті бағдарламалардың құрылыс жұмыстарында ауыл тұрғындары да еңбекпен қамтылған.
Нұржан Махаббатқызы