Мерекеңіз құтты болсын, тілшілер

.
Мерекеңіз құтты болсын, тілшілер

Әр хабарды зердесімен екшелеп,

Ақиқаттың аршып алар бүршігін.

Алыс, жақын аймақтардан ақпарат,

Беріп тұру мақсаты ғой тілшінің.

 

Оқиғалар арасында белсене,

Тілші жүрер дайын ұстап қаламын.

Ақпаратты іздеп жүрер әрдайым,

Тілші қауым жаршысы ғой жаңаның.

 

Тіл байлығын, заңдылығын сақтайтын,

Журналистер қауымында әдеп бар.

Бір ұжымы бір газеттің бір әлем,

Сол әлемнің әміршісі – Редактор.

 

Уақытында шықсын деумен газеттің,

Жауапты жан макет сызбай кетпеген.

Әріптестен, оқырманнан мың алғыс.

Терімшіге газет бетін беттеген.

 

Ақпараттар ағымының ішінде,

Ғаламторлар – баспасөзден бөлек тор.

Тілшілердің жазғандарын қырағы,

Көзбен түзер бір маман бар – корректор.

 

Журналистер көп істердің ұйытқысы,

Албырт мінез, ғажап жандар арманшыл.

Баспасөздің қазанында қайнаған,

Төл мереке құтты болсын – Жорналшы!

Қыдыр Байдүйсенов

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.