Елордам – Ерлігім

Елім деген ерен жүрек ер ісі,
Тау қопарар тәуекелдің жемісі.
Еңсем биік Елордаммен қашанда,
Қайнап жатқан жасампаздық кеніші.
Бір кездері жел жеміріп жағасын,
Бір іркіліп, бір жұлқынып ағатын.
Есіл бүгін еркелеген арудай,
Сағым ойнап, жайнап бал-бұл жанасың!
«Жасыл белдеу» – қойнауындай Көкшенің,
Бәсеңдетті қытымыр қыс өктемін.
Арқыраған ақ бораны Арқаның,
Көрдік бүгін ақ жорға боп ескенін.
Бар болмысың жақсылықтан жаралды,
Тарихымнан, ұлт рухынан нәр алды.
Баһадүрлер ізі қалған жолдарың,
Байтақ елдің өн-бойына таралды.
Келбетіңнен танылады кемелдік,
Айшықтарың – ақыл, еңбек, өнер, құт!
Саған қарап бой түзеген қалалар,
Толықсиды толған айға теңеліп.
Көк Туымыз көкке өрлесін желбіреп,
Аспанымыз ашық болсын мөлдіреп.
Дүлдүл жүріс дүрсіліңнен жаңылма,
Кербез дала кеудесінде, Сом жүрек!
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ
#Qazaqstan30