Тәуелсіздік күні

Көк байрағым желбіреп аспанымда,
Күй күмбірлеп көңілдер тасқанында.
Қуанбаған әлемде қазақ қалмай,
Көздегі ерік берген жастарына.
Бұзғызып тас қамалын бодандықтың,
Баба арманы әперген бұл – бір құт күн.
Әнұран, Елтаңбамды төрлеттірген,
Тәуелсіздік күні бұл ел мен жұрттың.
Кеткенімді келтіріп, кемел етіп,
Өшкенімді жаңғыртып, желек етіп,
Тарихымды танытып талқандалған,
Ұлылығым ұғылар ашылды есік.
Байтақ далам бабамнан мұра қалған,
Талайларға болғанды қиял, арман.
Шек іргесін бекітіп тәуелсіздік,
Қазақия көк Туын қолына алған.
Ұрпағыма ұқтырып ұлы арманын,
Ұлттық дәстүр, салт-сана шығар бағым.
Тәуелсіздік таңының нұры емес пе,
Ана тілім, ел тілі бола алғаның.
Астанасын жаңғыртып алыбымның,
Тектілігін паш етіп Сақ пен Ғұнның.
Арқа төрін орда ғып, Тәуелсіздік,
Көк Түріктің көрсеттің көп бірлігін.
Жаса елім, мәңгілік жасай бергін,
Бақыт сыйлап әр таңы тәуелсіз күн.
Өркениет көшінде өркен жайып,
Алдында бол, Ұлы Елім, керуендердің.
Бүркітбай ФайзОллаұлы