Еліме арқа сүйедім

Нәрестеден қарияға дейін, барлық науқастарды көріп, ауруға сипаттама беретін, ол – жалпы тәжірибелік дәрігер. Нұрсара 2014 жылдан бері осы жауапкершілігі жоғары міндетті абыроймен атқарып келеді. Әсіресе, пандемия басталғалы дәрігерлерге түсетін салмақтың батпандап артқанын сезінген ол сәбиі жасқа толысымен, қызмет орнына оралып, қат-қабат жұмыстың ортасынан табылды. Тәуелсіз елімізде білім алған білікті дәрігер өмірге құштарлығын, кәсібіне адалдығын отбасындағы әке тәрбиесінен, еліне деген перзенттік сүйіспеншілігінен нәр алғанын айтады:
«Әке-шешем қарапайым шаруа адамдары болатын. Әкем еңбекқор, жайсаң жан еді. Жұмыстан бос уақытында бізбен бірге болуға барын салатын. Отбасында да істеуге тиісті істер жетіп артылатын. Соған қарамастан, бізді қасына ертіп жүріп, көңілімізді таба білетін. Кейде әкемнің басы қатты ауырып, жатып қалатын. Мен әкемнің маңдайын, шекесін кішкентай саусақтарыммен уқалап беретінмін. «Зілдей болып, көтертпей тұрған басым жеңілденіп қалды ғой, көзім шырадай жанды» деп, мені бауырына басатын.
Әлі есімде, күздігүні болатын, есік алдында шатыр жа-йып, бидай кептіріп қойғанбыз. Кешке қарай, күн бұзыла бастады. Әкем жұмыстан келе салып, бидайды кілетке кіргізуге кірісті. Шамамызға қарай біз де қолымызға шелек, қап алып, көмекке келдік. Сол жылдарда белгілі бір ырғаққа құрылған еңбек әндері болатын. Әкем соны айтып, бәріміз қосылып, жаз бойғы еткен еңбектің жемісін жаңбырға қалдырмай, кілетке кіргізіп алдық.
Бізді күтіп тұрғандай, жер-дүние түнеріп, қалың жаңбыр басталды. Ертеңінде сабаққа жаңбырлатып кеттік. Түсте үйге келгенде біздің үйдің алдында қолына шатыр ұстаған қалың адам тұрды. Әкем қайтыс болыпты. «Қырқа шапқан қылыштай» дейтін қырық жасында, ауырмай-сырқамай мәңгілікке кете барды.
Көпке дейін өзіме келе алмай жүрдім. Кейін білдім, әкем жоғары қан қысымымен ауырады екен. Егер уақытында емделіп, алдын алған болса... Өзегімді өртеген осы өкініш «Дәрігер боламын!» дейтін айнымас сертке айналды. Алдыма мызғымас мақсат қойып, сабақты жақсы оқыдым. Үздік нәтижеммен аудандағы дарынды балаларға арналған орта мектепке қабылдандым. Мектепті бітірген соң, мемлекеттік емтиханнан жоғары балл алып, педагогикалық университетке грантпен шақырту алдым. Өмірдегі сәтті басқан алғашқы қадамыма туыстарым қатты қуанды. Тек, менің көңілім жай таппады. Дәл осы кезде Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін дайындық курстарға емтихан тапсыруға біраз жастар құжат рәсімдеп жатқанын естіп, соларға қосылдым. Асыл арманым менің өмірімді атажұртпен біржола байланыстырғанын ол кезде білмедім де.
2006 жылы Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің дайындық курсына оқуға түстік. Бәріміз оң-солымызды әлі біле қоймаған өрімдей жаспыз. Менің отбасынан алыстап шыққаным да осы еді. Біраз уақыт өтер-өтпестен, шешемді, бауырларымды сағына бастадым. Кейде, оңашада, көз жасыма ерік беріп, өксіп-өксіп жылап та алатынмын. Десе де, елімде, ата-бабаларымыздың тарихы сайрап жатқан атажұртта екенімді ойлағанда, бұрын мүлде байқалмаған, жан әлемімді тербеп, рахатқа бөлейтін, тіпті, бойыма тау суындай буырқанған күш-қуат бітіретін ерекше бір сезім жастық жігерімді жанып өтетін еді. Сол сезім менің қолыма баяғы асыл арманымның тізгінін ұстатты. 2007 жылы Семей медициналық университетіне жалпы дәрігерлік тәжірибе мамандығы бойынша грантпен оқуға түстім. Алаш арыстарына арқа болған, ұлы Абай атамыз өмір сүрген қасиетті мекенде білім алғанымды мақтан тұттым. Бар қажыр-қайратымды білім алуға арнадым».
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ
#Qazaqstan30