Денсаулық сақшысы

Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын дәрігерлердің еңбегі ерен. Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі аталып өтіледі. Әлемді шарпыған COVID-19 індеті елге келгелі дәрігерлер күн-түн демей жұмыс істеуде. Көрінбейтін жауға жанкештілікпен қарсы тұрып, алғашқы күннен вирусқа қарсы топпен бірге жұмыс істеп жүрген дәрігердің бірі – Диас Мұратбеков.
Денсаулық сақшысы

Елордадан Текелі қаласына арнайы шақыртумен келген педиатр-дәрігер Диас Болатұлы адам өміріне араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейтінін айтады. Елде орын алған қауіпті індетке байланысты сүзгі мен провизорлық стационарда қызмет еткен. Бүгінде КВИ-ға қарсы екпе салу бойынша жұмыстармен айналысады. Медицина саласын таңдауына републикалық чемпионат себеп болған. Жасөспірім кезінде еркін күреспен айна-лысқан, бірнеше рет чемпион атанған. Спорттық жарыстардың бірінде қатысушының денсаулығы нашарлап, оған алғашқы көмек көрсеткен. Сол сәтте «дәрігер боламын» деп шешім қабылдаған.

«Дәрігер болуды армандайтындар көп. Бірақ екінің бірі бола алмайды. Медицина саласына деген қызығушылық пен оқу жеткіліксіз. Бұл салада адам өміріне деген жоғары жауапкершілік, білуге құлшыныс, адалдық пен адамдық маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керек. Менің ойымша, әр адам өз ісінің маманы болуы қажет. Әрдайым білімді тәжірибе арқылы жетілдіріп отыру керек», – дейді жас маман.

Жоғарғы оқу орнында білім алып жүріп өзімен бірге бір курста оқитын Зәузәт Мадияр-қызына ғашық болған. Кейін екеуінің дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтереді. Қос дәрігерден құралған берекелі отбасы көпке үлгі болып, денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде алтын асықтай екі ұлдың ата-анасы.

«Баламыздың үлкені 5-те, кішісі 3 жаста. Шынымды айтсам, балаларымды 3-4 күнде бір көремін. Өйткені, жұмыс көп. 24 сағат, яғни, тәулік бойы жұмыста боламын. Балаларымды көріп, иіскеп, құшағыма алғанда бар шаршағанымды ұмытып кетемін. Ұлдарыммен ересек адамдарша сөйлесемін. Олардың ойын тыңдап, өз пікірімді айтамын. Қуанатыным, болашақта екеуі де біздің жолымызды қуамыз деп отыр. Шаршап тұрсам да үйге келгенде тым болмағанда жарты сағат, бір сағат уақыт бөліп, оларды ойнатамын. Қуанып, шаттанып асыр салған жүздері анасы екеуімізді мәз-мейрам қылады. Олар менің өмірімнің мәні. Бала тәрбиесі қашанда маңызды. Өйткені, бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Жұмысым қаншалықты көп болса да мен әрдайым отбасым үшін уақыт табамын».

 Жас маман болса да ерінбей еңбек етіп, еліне зор пайдасын тигізіп жүр. Мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер «ақ халатты абзал жан» деген халықтың берген атауы ең биік мәртебе дейді. Жауапкершілігі мен жүгі ауыр сала біліктілік пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан, бәрін бірден меңгеріп алу оңай емес екенін мойындайды.

«Біз адам өміріне жауаптымыз. Жұмыс барысында қателесуімізге болмайды. Сол үшін үнемі тәжі-рибелік білімімді жетілдіріп, үнемі ізденісте жүремін. Өз салам бойынша ем жүргізудің барлық тәсілін жетік меңгеру үстіндемін».

Қолы қалт етсе екі жас медицина жайлы әңгімелесіп, пікір алмасады екен. Тіпті демалыс күні де жанұясымен серуендеген сәтте өз мамандықтары жайлы талқылайды. Осылайша болашақ дәрігерлер әулеті қалыптасып келеді.

Гауһар МҰСА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.