Кәсіби маман

Емхана мен ауруханадағы дәрігер емделушінің денсаулығана жауап берсе, СЭС күллі халыққа жауапты. Сала қызметкерлері инфекциялық жұқпалы аурулардың алдын алу және оның таралмауымен айналысады. Елде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты олардың жұмысы тіпті күрделене түсті.
Қарусыз майданда алдыңғы шепте күресіп жүргендердің бірі – Анар Дүкенова. Павлодар қаласындағы медицина колледжін тәмамдаған жас маман Текелі қалалық санитариялық қызметіне жетекші маман болып келеді. 2004 жылы білімін жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға оқуға түсіп, оны сәтті аяқтап 2010 жылдан бастап Текелі қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасына бас маман болып жұмысқа орналасады. Содан бері өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып келеді.
Анар Садырбекқызының айтуынша, пандемия басталғалы бері күн-түн демей жұмыс істеп, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға үлес қосып жүр. «Қауіпті індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, карантин талаптарын қатаң сақтауымыз керек. Тек осылайша өзімізді және қоршаған ортамызды қорғай аламыз»,– дейді санитарлық дәрігер.
Гауһар МҰСА