Жетпіске жеттім желікпей

Қаламызға белгілі ақын, сатирик Қыдыр Байдүйсенов биыл 70 жаста.
Жетпіске жеттім желікпей

1951 жылы 29 сәуірде Екпінді ауылында өмірге келген. Орта мектепті бітірген соң, электротехбайланыс училищесінде (ЭТУС) және Алматыдағы құрылыс техникумында (АСТ) білім алған. Байланыс торабы және құрылыс маманы. Қаламыздағы көптеген ғимараттардың іргетасын құйып, қабырғаларын қалаған құрылысшы. Сондықтан да, ақынның шығармаларынан көбіне, еңбек адамдарының батыл да турашыл болмысы менмұндалап тұрады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өтетін пысықайларды жаны сүймейді. Шымшымаларында адам бойындағы сондай жаман әдеттерді астарлы әзіл өткір тілмен шенеп отырады.

Қ.Байдүйсенұлының өлеңдері қысқа, 7-8 шумақты қазақтың қара өлең ұйқасымен өріледі. Айтар ойын кейіпкерлерінің мінезі, тілі, іс-әрекетімен жеткізеді. Әзіл әңгімелері мен шымшыма шумақтары «Ара» журналында, көптеген республикалық, облыстық басылымдарда жарық көрген.«Соғымның сүр еті» атты әзіл әңгімелері жинағы бар. Қалалық, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Қолымен кірпіш қалап, ойымен өлең өрген, қолы епті, ойы текті қаламгер жас ұрпақ санасына ұлттық болмысты, отаншылдық рухты сіңіру ісіне де белсенді атсалысып келеді. Өмір жолы қайнаған еңбекпен өрілген ақын қандай да құрметке лайық!

Соғыс ардагеріне

Есімде, бала кезде көршім болды,

Болғанмен жасы үлкен, досым болды.

«Бойымыз бірдей екен» деп мазақтап,

Күлгенім балалықпен ерсі болды.

 

Ағаның айтар сырын, ойын білмей,

Алыптың аласарған жайын білмей.

Артық сөз айтып қойдым жан ауыртар,

Мақтанып, сенімен деп, бойым бірдей.

 

Сол досым, тән азабын көрген екен,

Майданнан мүгедек боп келген екен.

Жан беріп, жан алысқан сұм соғыста,

Тізеден екі аяғын берген екен.

 

Қоларба жүріп-тұрар көлігі еді,

Көлікте көңілді боп көрінеді.

Кеш бата, дөңбекшумен ұзақ түнге,

Жарасы жанға батып, егіледі,

 

Сүрлеу жол байқамай қап бұралаңын,

Көрдім мен қоларбадан құлағанын.

Ағаны арбасымен тұрғызуға,

Сол кезде шамам жетпей жылағанмын.

 

Өтірік айтсам мәз боп, шын көретін,

Бір сәтке көңіліне мұң енетін.

Қыл есіп, алақанға түкіріп ап,

Қайыстан таспа тіліп күн көретін.

 

Жүрегі толы еді кешірімге,

Тізімнен бола ма оны өшіруге.

Артында іздеушісі жоқ деді ме,

Тақтаға жазылмапты есімі де...

 

Жасынан әңгімеге құмар інің,

Өзіңе арнап отыр дұға-жырын.

Ұрпақтар ауысқанмен, жадымызда,

Жаңғырып асқақ рухың тұрар бүгін.

Ностальгия

Тонның ішкі бауындай араласып,

Жүруші едік көшеде талтаң басып.

Шараппенен шалқыта шөл қандырған,

Бара жатыр алыстап, қайран жастық.

 

Әр сұлуға «ғашық қып» қойған күндер,

Жүрек - жырым, көңілің ойран күндер.

Қылығына қыздардың мас болатын,

Оралмасқа кетті ме қайран күндер.

 

Дабылдатқан күндер-ай, сырнайлатқан,

Көңіл шалқып жер-көкке сыймай жатқан.

Қыз аңдыған ауылдың сырт жағында,

Ұйқтап қалып талай рет «құдай атқан».

 

Өтті-кетті қас қағым, қайран жастық,

Асыр салған достармен, сайрандасып.

Шарап емес сол кезде, сыра да емес,

Жастық шақтың буы екен, қойған мас қып.

 

Әр күніңнің ажарын жарқын еткен,

Махаббаттың азабын тартып өткен.

Сол бір кез бір айналып оралса ғой...

 ... Кәріліктің өлкесі салқын екен...

 

Қырмызы қырда өскен бір қызғалдақ

Күй кернеп көңіл көгін шалқытып ән,

Жастық шақ бас айналып бақытынан.

Бір үйге төрт-бес атты түсе қалдық,

Қымызға қанбақ болып бал татыған.

 

Баптаған саржайлауда сары қымыз,

Төгіліп иығынан бұрым жалғыз.

Жанары жалт еткенде өртеп өтер,

Есімнен кетер емес әлі сол қыз.

 

Айнала шуақ шаша нұрға бөлеп,

Өскендей бір қызғалдақ қырда бөлек.

Көңілім жас арудың кірпігінің,

Дірілін қалт жібермей ұрлап әлек.

 

Дәм татып, шеттеу қонған сол бір үйден,

Аттандық көтеріңкі көңіл күймен.

 Жас ару сәл мұңая қарап тұрды,

 Тотыққан ашаң жүзі күнге күйген.

 

Ару қыз алдан бақыт тосады ма,

Ақша бұлт арманының қосағы ма.

Артыма қимастықпен қарай-қарай,

Бет алдым өз отбасым, ошағыма.

 

Өмір–фильм

Жылдар өтер, сағым жетер сарғайған,

Күй күмбірлеп, көңілің де салмайды ән.

Тек естелік еске салып өткенді,

«Елес-фильм» сериялына айналған.

 

Түрлі-түсті, кейде сұрғылт бұл фильм,

Бірде күліп, бірде ренжіп, бұртидым.

Сан мыңдаған эпизодтан құралған,

Көңілімде сақталумен тұр фильм.

 

Өмір жазар сценарий томы көп,

Шаттыққа да, драмаға толы көп.

Әркім содан «Өз фильмін» жасамақ,

Уақыт бітіп, жазылғанша: «СОҢЫ» деп.

 

Нағашыма

Бұл жалғанда жан бар ма нағашыдай,

Айдын көлім шалқыған, жағасы жай.

Болғанымен атадан қаны бөлек,

Бірге туған асқар тау ағасындай.

 

Керегеге тымағын іліп қойып,

Киіз үйдің іргесін түріп қойып.

Бұзық болсаң қамшымен сабаймын деп,

Жиеніне қалжыңдар күліп қойып.

 

Салауатты біртоға ғұмыр кешкен,

Пеш түбіне жайғасып қоңыр кеште.

Ат әбзелін жарақтап шөберемен,

Отырғаны ғанибет сол емес пе.

 

Күмпілдеген сабасыз сәні кірмей,

Тұлпарына табынған Тәңіріндей,

Қойнауына тарихтың кетер бір күн,

Нағашым да Мезозой дәуіріндей.

Күз жазар жапыраққа сәлем хатын

Ежелден келе жатқан бұзбай салтын,

Күз жазар жапыраққа сәлем хатын.

Ерке жел екі ортаға делдал болып,

Қақпайлай алып кетер күздің хатын.

 

Қоңыр күз көңіл бөліп аужайына,

Ешбір жан жазған хатты алмайды да.

Жасырған сай-салаға жел үйіріп,

Сол хаттар сағыныштан сарғаюда.

 

Күз өтер, тентек желі асыр салып,

Қыс келер қаһарлана ашуланып.

Оқыр деп үміттенер сол хаттарды,

Әз Көктем қар астынан аршып алып.

 

Айналып сарыала Күз атырапқа,

Көз жасы тырс-тырс тамар топыраққа.

Жас ару Көктемменен кездесе алмай,

Күз жазар сәлем хатын жапыраққа...

 

Ақын қызға

Әдемісің ақын қыз, әдемісің,

Көңіл күйдің шалқыған әуенісің.

Сезім қылын шертетін жырларыңмен,

Ертегінің ғажайып әлемісің.

 

Әлемісің ғажайып ертегінің,

Көркіңе сай риясыз еркелігің.

Назға толы жырларың кейде бір сәт,

Жабырқаған көңілдің шертер мұңын.

 

Көз тартқандай сымбаты елден ерек,

Жыр киесі аруды жүрсін жебеп.

Жүрегіңнен шыққан сөз жүректерге,

Алтын арай шуақты нұрын себед.

 

Әдемісің ақын қыз, әдемісің,

Жаралғандай жыр жауһар әлемі үшін.

Бұл өмірдің ащысы, тұщысы да,

Мұқалтпасын қауырсын қалам ұшын.

 

Бір үзік сыр

«Түрің құрсын!» – деді жеңгем қалжыңдап,

«Аман жүрсін!» –  деді шешем сабыр сап.

Түр құрыды, арса-арса, әжім боп,

Аман жүрмін, кеткенім жоқ жазым боп.

 

«Адам болмас!» –  деді бастық шіренген,

Құйғытып кеп астындағы күреңмен.

Қартайсам да  жүрмін әлі адам боп,

Қалғаным жоқ, анау айтқан жаман боп.

 

«Ө-өй, осыдан маңыз шығып, мандымас!» –

Деп айналып кетті талай замандас.

Сол бір жандар жақсы сөзін қимаған,

Білмеді ғой,  боларымды сыйлы адам...

 

Жетпіске жеттім...

Желбіреп жастық жалауым,

Жанымның іздеп қалауын.

Күн-түні жортып жаныққан,

Отыздан асып барамын.

 

Махаббат сайлап жарағын,

Жұтып ап балдай шарабын.

Қыздырып думан көрігін,

Қырықтан асып барамын.

 

Түндігін көңіл жабамын,

Отына ошақ алаңмын.

Сайтанды қуып азғырған,

Елуден асып барамын.

 

Күнгейдің шуақ алаңын,

Іздеумен жүріп табармын.

Ақауын жамап ағзаның,

Алпыстан асып барамын.

 

Аруға арман, еліктей,

Селт етіп көңіл елікпей.

Анықтап басып, ақырын,

Жетпіске жеттім желікпей.

 

Тарпаң жыр

Жарқ ете түн түндігін түріп тастап,

Тентек ой таңғы ұйқыны қуып тастап.

Қасымнан шыр айналып шықпаған соң,

Отырмын тұлпар жырға құрық тастап.

 

Сезсем де жыр киенің тарпаңдығын,

Тисін деп шапағаты салқам жырдың.

Беліме көтере алмас шоқпар байлап,

Мойныма ақындықтың артам жүгін.

 

Жыр тұлпар ұстамақ боп таңдап тұрып,

Ұйқысыз отырғанда таңды атырып.

Бір үйір тарпаң жосып өте шықты,

Көңілдің көк дөненін шаң қаптырып.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.