Ана жүрегі (әңгіме)

Бикамал шешей бүгін, күндегі әдетімен төсегінен лып ете тұрып кете алмады. Өне-бойы біртүрлі дел-сал болып, зіл тарта берген соң, төсегіне қайтадан жантая кеткен... Көзін енді бір ашқанда, батып бара жатқан күннің өрттей қызыл шапағы терезеден түсіп, үйдің әктелген қабырғаларын қызыл жалқынға орап тұр екен. Баяғыда, қырық бірінші жылғы соғыс басталған күні де жарықтық, қанға малынғандай бола, күн осылай қып-қызыл болып батып еді...
Бикамал шешейдің есіне майданға кеткен жалғыз ұлы Рахметолда түсіп, іштей егілсе де нұры тая бастаған жанары, қоңырқай жүзі құрғақ болатын... Жылай-жылай көз жасын баяғыда-ақ тауысқан... Әлі күнге дейін той-томалақ, бастаңғы, жай әншейін, екі-үш кемпір бас қосып шай ішіп отыратын отырыстарда да:
– Менің ұлым тірі! Өлген жоқ ол! Келеді... Көрерсіңдер, әлі-ақ...– деп отыратын Бикамал шешей. Той дастарханынан алынған екі-үш кәмпит, құрт-ірімшігін ақ шүберекке орап түйіп, – «Рахметолдам той дәмінен ауыз тисінші, арсалаңдап үйге келгенде!» – деп, ескі әбдіренің бір бұрышына тығып, сақтап қоюшы еді...
Таң қылаң бере, тауық шақырар кезде, ауыл үстін қалың тұман басты. Сол бір бозғылт тұманның арасынан жас шамасы жиырма бір, жиырма екілердегі бір жас жігіт үнсіз ғана жайдары жымиып, Бикамал шешей алпыс жылға жуық түтінін түтетіп, отын үзбей келе жатқан Белтай ақсақалдың көзге қораш, жұпыны үйінің есігін айқара ашып, кіріп келе жатты...
Бикамал шешей төсектен басын көтеріп, есікке қарай сәл ұмсына түсіп: – Келдің бе, жалғызым?! Сенің келеріңді білгенмін! Көп күттірдің ғой анаңды құлыным! – деді мейірлене күбірлеп. Есікке қарай созылған қолы әлсіз ғана сылқ ете түсті де, Бикамал шешей құс жастыққа шалқалай құлай берді...
Науқастың тамырын ұстап, әлсін-әлсін дем салып отырған Ережеп ақсақал күрсіне күбірлеп, екі қолымен бетін сипады да, төрде ілулі тұрған ақша қардай аппақ жайнамазбен Бикамал шешейдің жүзін жапты...
Тоқсан төрт жыл тынбай соққан кәрі жүрек, елу төрт жыл бойы жалғыз ұлының қан майданнан аман-есен оралып келуін зарыға күткен Ана жүрегі мәңгілікке тоқтады...
Бір кем дүние...
Қыдыр Байдүйсенов