Ұлттық болмыс ұстыны

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні аясында Текелідегі «Металлург» клубында «Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты фестиваль өтті. Ахмет Байтұрсыновтың дүниеге келген күніне орайластырылған мереке биыл ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ұлттық болмыс ұстыны

А.Байтұрсынұлының туған жері Қостанай өңірі дүбірлі шара басталмастан тілсіз жаудың тұзағына түсіп, ел-жұртты алаңдатты. Жан-жақтан жәрдем жасалып, қызыл жалынның беті қайтты, өрт зардабын жою жұмыстары жалғасады. Қалай болғанда да, ұлт аманатын арқалаған ұлы перзентінің мұрасын қазақ елі ұлықтай береді.

Тіл мерекесінде текеліліктерді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Дәуренбаев құттықтап, толғауы тоқсан қызыл тілге қызмет етіп жүрген азаматтарға қала әкімінің Алғыс хатын тапсырды. М.Дәуренбаев: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінгі таңда сіз бен біздің, тіл жанашырларының және сала мамандарының алдына қойылған міндет те, қызмет те, азаматтық парыз да біреу ғана. Ол – елмен бірге туылып, тарихымызбен қатар өркендеген тіліміздің келешекте мәңгілік елдің асыл қазынасы болып сақталуын қамтамасыз ету. Қазіргі заманда үш тілді емін-еркін меңгерген жастарымыз бәсекеге барынша қабілетті. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы қазақстандықтардың мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеруіне бағытталған. Қаламызда «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығы Текелі филиалында 6 топта 58 тыңдаушы тілін жетілдіруде. Бұл көрсеткіштердің барлығы көзделген межеге жетуге жол ашады. Тіл – бір адамның емес, бүтін бір ұлттың бірігіп жазған тарихы, бірлесіп өткен бүгіні және сеніммен қалаған ертеңі. Ендеше, ұлттар мен ұлыстардың басын біріктірген қасиетті Ұлы Даланың бесігінде тербеліп, тағдырлары бір арнаға тоғысып, татулықты ту еткен қауым, тіліміз мәңгі жасасын», – деді. Салтанатты шарада Мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.