Күмбір-күмбір күй төксе...

Алғашқы Ұлттық домбыра күнінде елордадағы «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңға жиналған екі мыңнан астам өнерпаз қатысқан домбырашылар оркестрі «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа» күйлерін тартып, көңілді аспандатты, ұлттық рухты көтерді. Еліміздің әр аймағында ұйымдастырылып жүрген осындай ауқымды шаралардан ұлттық аспаптың құлағында ойнайтын күйшілердің қатары қалың екенін көріп қуанасың. Белгілі этнограф, фольклоршы Григорий Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деген сөзі қазақтың ән мен күйінің құдіретін, қасиетін паш етіп тұрғандай. Таудан арқырай құлаған судай екпінді, жігерлі Құрманғазы күйлері, тереңнен толғап жанды тебірентетін Дәулеткерейдің күйлері, бояуы мың құбылып, тәтті мұң мен қоңыр сазға бөлейтін Тәттімбеттің күйлері, жорға жүрісті, құбылмалы Қазанғаптың төкпе күйлері, күрмеуі бөлек, күрделі Динаның күйлері, Нұрғиса, Қаршыға, Секендердің қадау-қадау тағдырлы күйлері бүгінгінің құлақ құрышын қандырып қоймай әлі талай ғасырларға жол тартады.
Текеліде дәстүрлі әннің қанат қағып, домбыраның күмбірлеуіне мұрындық болып жүрген «Металлург» клубының меңгерушісі, үздік мәдениет қызметкері Жандос Дәуренбеков: «Қаламызда дәстүрлі ән-күйді дәріптеп жүрген ҚР Еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мүкәманов және Қарлығаш Ошақбаева, Ақерке Бытымбаева, Тамаша Қадырбек, Бүркіт Бердібек сынды өнерпаздар мен олардың жолын қуған шәкірттері барда ұлттық өнер өрлей береді», – дейді.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА