Ерекше марапат

14 мамырда Балалар жылы аясында №4 орта мектебі қалалық Мәдениет үйінде жылдық есеп беру шығармашылық концертін өткізді. «Менің әлемім» деп аталған шарада өнер-білімде, спортта озат оқушылардың мерейі тасыды.
Ерекше марапат

1098 баланың алтын ұясына айналған №4 орта мектебінде бүгінгі таңда 91 педагог ұстаздық міндетін абыроймен атқарып келеді. Білім ордасы 2020 жылы республикалық «Үздік онлайн мектеп» байқауында 1-орын иеленді. Мектептің бір жылда қол жеткізген барлық жетістіктері бейнеролик арқылы баяндалды. Зал толы көрерменге, ата-аналар, ұстаздар мен оқушыларға жылы лебізін білдірген мектеп директоры Меруерт Бюрина: «Әр баланың бақытты болуы біздің қолымызда. Білім ордамыздың негізгі ұстанымы – білімді, мәдениетті, отаншыл, алғыр бала тәрбиелеу. Сондықтан, жыл бойы қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі әртүрлі байқау, жарыстардан жүлде алған белсенді оқушыларды ерекше марапаттауды, ата-аналарына алғыс айтуды жөн көрдік»,– деді.

Хормен басталған концертте ән де шырқалды, күй де тартылды, түрлі жанрдағы би де болды. Қалалық Көңілді тапқырлар клубы сайысының жүлдегерлері «ЖасStar», «Форсаж» командалары көрініс қойды. Облыстық, қалалық «Дарын», «Зерде» байқауларының және пәндік олимпиаданың, Абай, Мағжан, Мақатаев, Жансүгіров оқулары, КТК, көркемөнер байқауының және спорт жарыстарының жүлдегерлері сахнаға салтанатпен көтерілді. Әрқайсысының ата-анасына «Жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, ата-аналық міндетіңізді абыроймен атқарып, үлгілі оқушы тәрбиелегеніңіз үшін және балаңыз мектеп өміріне белсене қатысқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз» деп жазылған Алғыс хат ұсынылды.

Биылғы оқу жылында мектепте «Үздік сынып-2022» аталымын иеленген 10 «А» сыныбының шәкірттері сынып жетекшісі Ләззат Байтоғаевамен ортаға шығып, мектеп басшысының қолынан арнайы кубок алды. Арманы аппақ балалардың жүздері бақыттан бал-бұл жанды. Білімді, тәрбиелі, өнерлі, зерделі және жеңімпаз болудың тәтті дәмін татқан ұл-қыздар осы шарадан кейін жаңа белестерге көз тігетіні анық. Концерт соңында сөз алған №4 орта мектебі қамқоршылық кеңесінің төрайымы Нұргүл Андасбаева және ата-аналар комитетінің мүшесі Анна Сиберева балалардың мерейін асырған ұстаздарға алғыс жаудырды.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.