Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...
Ен даланы еркін жайлап, мал өсіріп, көшіп-қонып жүрген қазақ халқы қыстан аман шыққан қуанышты көппен бөлісіп, көрші-көлем, ағайын-туыс өкперенішті ұмытып, бір-бірімен қол алысып, құшақтасып, «Жасың құтты болсын, ғұмырың ұзақ болсын!» деген тілектер айтқан. Жер бетіндегі тіршілік атаулы жаңаратын бұл кезең «Амал мерекесі» деп те аталады.

Текелідегі «Шапағат» арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығының тұрғындары мен қызметкерлері Көрісу күнінде бір-біріне айқара құшақ жайып, игі тілектерін жеткізді.
Ал №5 орта мектебінің ұжымы 14 наурыз – Көрісу күнінде ұлттық киімдерін киіп, домбыра мен қобыздан күй төгілтіп, ән әуелетті, құшақтасып көрісті. Сахналық көріністе тұлымшағы желбіреген ұл-қыздар ауыл ақасақалына сәлем бере барып, қазыналы қарттың Наурыз жайлы әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды. Қара домалақтар асық атып, ұлттық ойынның мән-жайына дендеді.