Жеңістің тағылымы таусылмайды

Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы мерейтойы қарсаңында «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мерекелік көңіл күйге кенелді.
Жеңістің тағылымы таусылмайды

Бар тіршілік жаңа өмірге қадам басып, табиғат ерекше бір күйге бөленетін көгілдір көктемде келетін қос мереке жыл сайын салтанатты түрде тойланады. Мереке қарсаңында «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да көпшілік шаралар ұйымдастырылып, қариялар ерліктің, бірліктің, жасампаз еңбектің жемісі – Жеңіс жайында әсерлі естеліктерді еске алысып, жастық шақтарымен қайта қауышқандай рухтанып, көңілдері бір серпіліп қалатын. Әлемді жайлаған қауіпті індет адамдардың қалыптасқан дағдылы тіршілігіне, өмір салтына да үлкен өзгерістер ала келді. Жұқпалы эпидемияның таралуының алдын алу мақсатында елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде, әсіресе, ауруға қарсы иммунитеті әлсіз қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығына баса назар аударылды. Осыған орай, аталған орталықта қатаң шаралар қабылданып, қызметкерлер қарт кісілердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың амандығы үшін жауапкершілікті еселей түсті. Сыртпен қарым-қатынас қатаң шектелсе де, мұнда төтенше жағдай талаптарын сақтай отырып, кітап оқу, денені шыңдайтын жаттығулар жасау, қолөнермен, шығармашылықпен айналысу секілді шаралар жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындардың дене қуатын күшейтуге, ойын сергітіп, көңіл күйін орнықтыруға күш салынуда. Нәтижесінде, 300-ден астам қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрып жатқан үлкен отбасының бауыры бүтін, басы аман, шүкір!

Мамырдағы мамыражай мерекелерді ерекше форматта өткізу идеясы да осынау қауіпсіздік шараларын сақтап, қарттарды қуантудан туса керек.  Орталық басшылығы ұйытқы болған шарада жасыл желекпен көмкерілген аулаға, бөлмелерінің балконына шығып, концертті тамашалаған қариялардың қуанышында шек жоқ, балаша мәз-мейрам болысты.

Тұрғындарды мерекемен құттықтаған орталық директоры Алма Нұрмыханова: «Отан қорғаушылар күні – ұлтаралық келісім мен достықты берік ұстанып, ортақ даму жолында тағдырларын тоғыстырған халқымыздың бейбіт өмірін, ұлан-байтақ ырысты жеріміздің амандығын көзінің қарашығындай қорғап келе жатқан қорғаныс күштеріндегі азаматтарымызға деген елдік құрметтің ерекше бір белгісі. Сондай-ақ, биыл Жеңіске 75 жыл толды. Шарпыған от пен атылған оққа кеудесімен қалқан болған батырларымыздың, алдыңғы шепті оқ-дәрі, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, ерлеріне таймас тиянақ бола білген халқымыздың жұдырықтай жұмылған бірлігінің, өр рухының ескерткіші – Ұлы Жеңістің тағылымы таусылмайды, ұрпақтарымызды ерлікке, бірлікке, еңбекқорлыққа жетелеп, еркін шыңдап, рухын асқақтатады. Әр жылдары Ұлы Отан соғысының 11 ардагері өмірлерінің соңын осы орталықта алаңсыз өткізді. Олардың рухы біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Қазір де мұнда 42 тыл ардагері, 1 соғыс ардагерінің жесірі тұрып жатыр. Олар да мемлекетіміз бен халқымыздың құрметіне, қамқорлығына бөленіп, тіршілігін баянды өткеруде. Сіздерге деген ыстық ықыласымыз ешқашан сарқылмайды!» деп ақжарма тілегін жеткізді. Мекеме басшысы, сонымен бірге, төтенше жағдай жарияланғаннан бері күндіз-түні осында табандылықпен еңбек етіп, қариялардың қабағына қарап жүрген қызметкерлерге ризашылықпен рақмет айтты.

Мәдениет үйінің өнерпаздары да мерекемен құттықтап, арнайы концерттік бағдарламасын тарту етті. Концерт көпшіліктің көңілін көтеріп, жанын сергітті. Өнерпаздар әрбір әнді жүрекпен, беріле шырқап, соғыс және соғыстан кейінге қайта құру кезіндегі ерлік пен еңбекті әспеттеген әндермен қариялардың көңілін тербетті. Жас кездерінен құлағына құйылып, санасына орнығып алған таныс әуендер талай жанның өзегін шымырлатып, көзіне жас үйірілтті...

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.