Игі мақсаттарға бірлік жеткізеді

Қол жеткізген барлық сүбелі жетістіктеріміз, әлемдік сахнадағы абырой-беделіміз, бәрі-бәрі – бірлік пен ынтымақ орныққан еліміздегі тұрақтылықтың жемісі.
Игі мақсаттарға бірлік жеткізеді

1 мамыр – Қазақстан халқы аялап алақанына салған осынау ұлы достықтың, ауызбіршіліктің, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.   

Кең-байтақ, ырысты даласы секілді дархан көңілді қазақ халқы қилы заманда қуғын-сүргінге ұшырап, елінен, жерінен айы-рылып, сергелдеңге түскен сан ұлттың өкілдерін бауырына басып, қатарға қосты. Жарымын жарып беріп, барымен бөлісті. Сыртқа теппей, бауырына басты. Сол ізгі адамгершілік бауырмалдықтың арқасында үзілген үміттер қайта жалғанды, ел болып еңсе түзеп, қазақ ұлтымен бірге біртұтас халыққа айналды. Тарихи даму қалыптастырған осынау көп этносты құрылымды басқалар қауіпті деп санаған ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Елбасы Н.Назарбаев саңлақ санамен

жаңа мемлекетіміздің артықшылығына балады және барлық ұлт өкілдерінің жүзі жарқырап, үні сыңғырлап шығатын біртұтас қазақстандық ұлттың жаңаша дамуын бағдарлады. Сонымен әлемдік тәжірибеде мүлде жаңа идея шындыққа айналып, Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біртектілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз етуді бұлжымас мақсат еткен Ассамблея бүгінде нормативтік құқықтық негіздері айқындалған, еліміздің саяси жүйесінің толыққан-ды бөлігіне айналды.   

Міне, осынау бірегей саяси құрылым Қазақстан халқының біртұтас болмысын одан ары бекемдеп, баршамызды Мәңгілік Ел идеясының төңірегіне топтастыруда. 

Қазір күллі әлем елдері жұқпалы індетпен жарыса келген экономи-калық дағдарысты басынан өтке-руде. Қиындық елімізді де айналып өткен жоқ. Алдымызға ауыр сынақты көлденең тартты. Осындай  қиын кезеңде салдары болжаусыз қауіпті еңсеру және қалыпты өмірімізге қайта оралу үшін де жұдырықтай жұмылған берік бірлігімізге, тау қопарар елдігімізге, ақыл-парасатымызға сенім артамыз.             

                        Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.