Бірлік – береке бастауы

Ата-бабамыздың асқақ арманы да, тілегі де халқымыздың бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені рас. Себебі, бақ пен берекеге толы өмір сүрген елдің болашағы жарқын болары анық. Қазақта «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп тегін айтылмаса керек.
Бірлік – береке бастауы

Аумалы-төкпелі бүгінгі заманда береке-бірлікті сақтап, бейбітшілік үшін жан аямай күресу – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Талай тар жол тайғақ кешуден сүрінбей өткен ата-бабаның дара жолынан сабақ ала білген қазіргі парасатты жастар тарихын бағамдап, кемел келешекке бет бұратыны анық. Өткенге көз жүгіртсек, бабаларымыз қиын-қыстау замандардан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың нәтижесінде ғана аман қалып, өскелең ұрпақты бүгінгі күнге жеткізді. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Татулықтан артық жолдас жоқ» деген. Мұндай сөз түсінген талай адамның санасына сәуле құйып, дұрыс жолға бағыттайтыны сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі бүгінгі мен өткен тарихымызды табыстырып тұр. Тіпті қазақ жеріне келген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақсүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді. Бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді. Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады. – Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. – Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба: – Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала: – Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. – Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.

Данышпан Абай да «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп адамды ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Иә, қазақ елінің бірлігі – мемлекет дамуының, өсіп-өркендеуінің кілті.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.