Ұрпағына ұран болған – Орақты батыр

... Төрт құбыламызды ертерек түгендеп, зерттей бастаған да тарихтың халықтану және тұлғатану атты арнайы саласы осы күнге дейін бір жүйеге келер еді-ау. Басынан қасірет арылмаған қазақ халқы ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп, елдігі үшін айқасып, жері үшін шайқасып өз тарихын найзаның ұшымен, білектің күшімен, тұлпардың тұяғымен жаздырып қалдырған.
Өткен 15 ғасырда қазақтың сайын даласында тозған елінің көшін түзегендердің бірі – Жалайыр Орақты батыр. Ол 15 ғасырдың орта тұсында Алтын Орда хандығы ыдырап, оның құрамындағы ірі тайпалар Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Шу бойына қарай көшкен шақ. Бұл оқиға 1460-1465 жылдары болса керек. Осы кезде көш басында алаштың ақ туын қолына көтеріп шыққан қолбасшы батыр-ларымыздың бірі – Орақты.
Оның тегі – қазақтың аға тайпасы, он үш ата тарақ таңбалы жалайыр. Ұраны: Бақтияр Бөрібай, Қабылан.
Биыл туғанына 600 жыл толып отырған қас батыр Орақтының үрім-бұтағы дайындық үстінде. Ең алғашқы шара батырдың ұрпағы Серік Әбікенұлы ер жүрек батырдың суретін алғашқы рет түрлі-түсті етіп жасатқан. Ұрпағына ұран болған батырдың ұл-қыздары тойын абыроймен атқаратына сенімдіміз.
Әкесі Алшағыр да батыр, ел билеген би болған. Орақтының анасы Қарақыпшақ Қобыланды батырдың туған қарында-сы – Қарлығаш дейді, жазушы О.Исмаилов (Октябрь туы, 1989ж. 21 қаңтар).
Орақты батыр Алшағырұлы 1420 жылы Қазақстанның оңтүстік өңірінде өмірге келген.
Қазақ Совет Энциклопедиясында: «Орақты – Ұлы жүз, Жалайыр бабасының Шумағынан тараған ру. Шежіре деректері бойынша Орақты: Төке, Кенже, Әжіке, Көшей, Көкшекөз, Жайықбай деген аталарға бөлінеді. Орақты ұрпақтары Октябрь революциясынан бұрын қазіргі Талдықорған облысындағы Қаратал және Жамбыл облысының Мойынқұм, Шымкент облысының Алғабас ауданын мекендеген. «Ұраны –Бақтияр, таңбасы – тарақ».(ҚСЭ том 8, Алматы «Қазақ энциклопедиясы» 1976 ж. 527- бет).
Ал Жетісу энциклопедиясы «Орақты (15ғ. өмір сүрген), қолбастаған батыр. Керей мен Жәнібек хандардың туыстасы. 1465 жылы шаңырақ көтерген Қазақ хандығының нығаюына үлес қосқан. Ойрат басқыншылары қарсы шай-қастарда ерлік көрсеткен. Тегі Жалайыр руынан шыққан...»
Ұрпақтары 1995 жылы Балқаш ауданындағы Жиделі ауылында батырға ақ мәрмәрдан ескерткіш орнатты. Батыр жерленген шоқы бұрыннан «Орақты төбе» деп аталады. Талдықорған қаласындағы бір көшеге батыр есімі берілген. (Жетысу. энциклопедия. Алматы «Арыс» баспасы 2014ж. 485-бет).
Қазақ ұлттық энциклопедиясы том 7, Қазақ тарихы, Айбын, Абылай хан энциклопедияларында жоғарғыдағы екі энциклопедиядағы деректер жазылған екен.
Орақты руының шежіресі туралы, шежіреші Досымбек Жақсылықов былай дейді:
«...Орақты шежіресінің бірнеше түрі бар. Олардың бірінде қазірге дейін 25 ата, екіншісінде 19, үшіншісінде 14 ата болып келеді». (Жақсылыков.Д. Жетысу жалайырлары. Шежіре. Талдықорған 2011ж. 5-23 бет).
Енді Орақты есіміне зер салайық, кейбір деректерде Орақты немесе Орақ, ал орыс, шетел тіліндегі әдебиеттерде Урак болып айтылған.
Журналист Серік Әбікенұлы Орақ (Орақты) аттас 4 адамның есімін атайды.
Біз тарихтан білетін 4 батыр бар: Бірі – 17 ғасырда өмір сүрген, «Орақ-Мамай» жырының кейіпкері, ноғай биі Мұсаның ұлы Орақ батыр.
Екіншісі, Қазалы маңында мұнарасы тұрған, 18-19 ғғ Хиуаға қарсы соғысқан, дұшпаны намаз үстінде басын алған Орақ батыр. Мұнара батыр қаза тапқан жерге салынған.
Үшіншісі, 1868 жылы Маңғыс-таудағы Досан Тәжіұлының көтерілісіне қатысқан Орақ Байдалыұлы.
Төртіншісі, ұрпағы 12 ата жалайырдың бір тармағына айналған Орақты (Орақ) батыр Алшағырұлы... (Әбікенұлы.С. Ердің сойы – Орақты. Жетісу 2018ж. 21сәуір).
Бұған тағы қосарымыз арғын-да Орақты шешен, арғынның қарауыл руында Орақты батыр болғаны белгілі.
Енді әкесі Алшағыр (Әлшагір) аттастарға көңіл бөлейік:
Бірінші, Ноғайлы (Ноғай) Едіге би ұлы (1352-1481 жж) Алшағыр-дан – Нураддин. Нурадиннен – Мұсахан, Мұсаханнан – Орақ пен Мамай. Орақтан – Қарасай (Қазақ Совет энциклопедия том 8. Алматы, ҚСЭ бас редакциясы 1976ж. 226-227-бет)
Екінші, Арғын Алшағыр шешен, ол айтқан екен: «Дүниеде 3 жетім бар – басшысы келіспесе, ел жетім, ұқпасқа айтқан сөз жетім, жаңбырсыз жер жетім» деп. Оның тағы басқа нақыл сөздері көп (Жетісу 2016ж. 8 тамыз).
Алшағыр деген тау Ерейментау ауданы Ақмола облысында бар (Ақмола энциклопедия «Атамұра». Алматы, 1995ж. 204-бет). Алшағыр есімі басқа да қазақ ру-тайпаларында кездеседі.
Ал, Жетісуда белгілі, беделді қарымды журналист,ақын Нұрғали Омарқұлұлы «Орақты батырды ойға алсақ» деген мақаласында: Кейбір шежіре-шілер оны Алшағырдың әкесі Қарақожаға теліп Қарақожаұлы Орақты деп те атайды дейді (Жерұйық, 1995ж. 25 тамыз).
Енді Орақты батыр басқа да туған-туыстарына көңіл бөлейік: алғашқы батыр туралы поэма жазған халық ақыны Қалқадан бастайық. «Елім сені жырлаймын» атты жыр-дастанында (Алматы, Жалын, 1996 жыл батырдың қарындасы Оралбике (31, 01-бет) інісі Мырзаш (51- бет) ал шешесінің атын атамайды (51-бет).
«Аға баласы» мақаласын жазған Майра Алдабергенова Орақты батырдың қарындасы Сұлушаш деп жазған. (Шыңғысхан, 2019 номер 2 (31, 221-бет). Бұл есімді қарындасымыз қайдан алған деген заңды сұрақ туындайды.
Баһадүр бабаны көп зерттеген әрі ұрпағы Ораз Исмайлов 2005 жылы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының алған дастанында (6:3734 ИНВ. 986. Папка4250) батырдың анасы Қамқа, қарындасы Мақпал деп жазылған. (Исмайлов.О.«Мұ-рағат-мұрағатқа жеткізер» Жетісу, 2008ж. 4 қазан).
Ораз ағамыздың «Орақты батыр» жинағында ержүрек батыр бабамыздың қарындасының атын Оралбике деп бес рет хаттаған (32, 42, 55, 56-бет).
Неге біз шындығында халқы-ның қорғаны бола білген білекті де жүректі бабамыздың баршамыз секілді кеудесінде жаны бар, бойында қаны бар адамның бір қарындасы бар деп түйіндеуіміз керек. Оралбике, Мақпал атты екі қарындасының барын неге мойындамасқа?
Сөз орайы келіп тұрған соң айта кетейін, батырдың анасы-ның аты Қамқа, қазіргі Үштөбе қаласы Түрксіб салынбай тұрғанда Қамқа аталғанын көне көз шежіреші қарияларымыз әлі ұмытпаған шығар. Ал, Мақпалға келсек, ол да Көксу ауданының жер атауы.
Енді батыр бабамыздың қарындасы туралы сөз қоз-ғайық. Өлкетанушы Тұрсынхан Әлдибекұлы Райымбек батыр-дың (1705-1785 жж) әкесі Түке Хангелдіұлы (1663-1760жж) туралы екі көлемді мақаласында былай деген екен: «Түкенің сүйген жары Қарашаш сұлу өз заманында Ұлы жүз үйсін елінің жауынгерлік ұраны болған Жалайыр Орақты батырдың қызы. Осы кезге дейін жалайыр елін Ұлы жүздің «ноқтағысы деп құрметтейді» – дейді Жетісу (Ардагер) 2018 жыл 6 тамыз., Ана тілі 2012 жыл 14 маусым.
Төке батыр Албан-әлжан ішінде Сырымбеттен тарайды. Қарашаш анамыздан Райымбек пен Толмаш атты екі жалайыр еліне жиен ұл туады. Ал Қарашаштың 15 ғасырда өмір сүрген Орақты батырдың қызы екендігі мүмкін, бірақ Райымбек батырдың анасы 18 ғасырда өмір сүрген. Орақты батырдың ұрпақтарының бірінің қызы екендігі айғақ.
Жоғарыда келтіргенбіз Қарашаш қасиетті анамыз Қара Қыпшақ Қобыландының қарындасы батыр бабамыздың анасы екендігін жазғанбыз.
Қазақта ұлының, қызының әке-шешесімен аттас бола беруі мүмкін екендігін дәлелдеп жату артық болар.
Сөз кезегін енді баһадүр бабамыздың алғашқы махаббаты жөнінде болмақ. Енді сөзді журналист Серік Әбікенұлының жазбаларына көңіл бөлейік.
Бірінші, Батыр Әбілқайыр ханның (1412-1461 жж) Айторыға (сызған Қ.Н.) ғашық болады. Бірақ ағасы қаныпезер оған қарсы болып «Кесірің қырық есекке жүк болатын қор екенсің» деп басын шауып алады. Тағы басқа жағдайда әдемілеп жазған журналист «Орақтытөбе» мақаласында (Парасат 2007 номер 7, 21-бет).
Екінші, Әбілқайыр ханға барып Орақтының Ақ қозының (сызған Қ.Н.) құрсағында кеткен баласын талап етеді – дейді. (Жетісу 2018ж. 21 сәуір).
Үшінші, Ақтоқты (сызған Қ.Н.) Әбілхайыр ханның жалғыз қарындасы, ағасы жендеттеріне басын алдыртыпты дейді. (Әбікенұлы С.Құлжа сақа («Айқас» повесть) Алматы Асаба баспасы 96-бет).
Бұл автордың үш зерттеу көркем мақаласында Әбілхайыр ханның үш түрлі аты бар қарындастары: Айторы, Аққозы, Ақтоқты болып хатталған. Тағы бір қызығы, Әбілхайыр ханның үш қарындасының аттары «А» әрпінен басталғандығы. Енді қаламгер ініміз бұны бір жүйеге дәлелдеп түсіретініне сенімдіміз.
Ер баба жайлы жоғарыда келтірген автормен өзге кейбір қарымды қаламгерлердің мақала мен өлең-жырлары тарихқұмар қауымды неше мәрте қуантып, ой салғанын деректер жинап жазғандығын айтуымыз керек. Солардың ішінде Орақтану жүйесіне көп еңбек сіңіргендер Ораз марқұм ағамыз және жас тұлпар, қаламы жүрдек, ойы зерек жаңа көзқараспен оқырмандарын ойландыратын журналист Серік Әбікенұлы ініміз. Екеуі де қаһарман батырдың жанашыр ұрпақтары екендігін ашық айтуымыз керек.
Енді барлық мақалаларда айтылып жүрген хас батырдың ұлы Мырза туралы сөз қозғаймыз, кей «пысықтар, шежірешілер» бұл қаһарман батырдың ұлын 13 ата Жалайырдың бір бұтағы Мырза руына жатқызып жүр. Бұл қате пікір. Мырза деген есім қазақтың үш жүзінің қазіргі 46 ру-тайпасының барлығында кездесетінін ескертеміз.
Ал Шапырашты Қазбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген 1776 жылы жазылған кітабында (Алматы, Жалын, 1993 жыл)
«...Жан баласы Мекіре-Жалайыр... Жалайырдан – Манақ, одан Орақты, Жазықты, Тарақты үш ұл болған... Орақтыдан 9 бала, Жазықтыдан 3 бала, міне осыдан келіп 12 ата Жалайыр шығады...» дейді. (сонда 67-бет).
Бұл кітапта Жалайыр шежіре-сіне байланысты бірнеше қателіктер кеткен:
Бірінші, Жалайырдың бабасы Жан (Жандаралы немесе Жансақал) одан Абақ (абақ тамғалы), Тарақ (тарақ тамғалы) өрбиді (сонда 67-бет).
Сонда қалай Манақтан Тарақты туа ма? Бұл қате пікір.
Екінші, барлық баспадан шыққан ғылыми-тарихи тағылымды Жалайыр шежірелерінде 1825, 1875, 1905, 1911, 1925 тағы басқа 13 ата Жалайыр екендігі хатталған.
Бұған қоса айтарымыз 1957-59 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының экспедициясының жазбаларында (Гвардия, Киров, Талдықорған ауданы ғалым Халел Арғын-
баев басқарған және М.С.Мұқанов пен В.В.Востровтың шежірелерінде «Қазақ Совет энциклопедиясында» және «Қазақ Ұлттық энциклопедиясында» 13 ата жалайыр екендігі анық. Бірақ кейбір ру аттары қате жазыл-
ғандығын туралы еске салайық.
Сонымен, 13 ата жалайыр: 1.Ақбұйым, 2. Андас, 3. Арықтыным, 4. Бәйшегір, 5. Балғалы, 6. Қайшылы, 7. Кәлпе, 8. Қарашапан, 9. Күшік, 10. Мырза, 11. Орақты, 12. Сиыршы, 13. Сұпатай
екендігін ұмытпаған жөн болар.
Кейбір «білгіштер» қайшылыны қоспайды, қосса бәйшегір мен арықтынымды бірге атайды. Сонымен олар 12 ата жалайыр болып шығарады.
Ал, «шежіреші»-журналист Амангелді Оспанов қарақал-пақтарды жалайырдың 14-атасы деп дәріптеп жүр, бұл шындыққа жанаспайтын өрескел қате пікір екендігін айтпақпыз.
Бұл туралы менің 2015 жылы шыққан көптомдық «ЖАЛАЙЫР ТАРИХЫНАН» атты 288-беттен тұратын үшінші кітабым «Жалайыр қазақтың аға тайпасынан» танысуларыңызға болады.
Үшінші, мырза Орақты батыр-дың 9 баласының бірі екендігі даусыз. Бұған бір мысал, ұлы жүз дулаттың ботпайында үлкен сиыршы руы бар. Осы дулатта ескелді руы тағы бары шежіреде хатталған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Үшінші. Орақты батырдың есімі жайында
Қазақтың кез келген есімінде халықтың тарихы, салт-дәстүрі, материалдық және рухани мәдениеті көрініс табады. Халық арасында адам есімі оны тағды-рын аңғартады деген ұғым бар. Қазақ есімдерін зерттеген Асқар Сүлейменов қазақта 70 мыңнан астам есім бар дейді (Сүлей-менов.А. «Қазақ есімдері» Энциклопедиялық анықтамалық 2-ші басылым Алматы Атамұра 2013, 800-бет). Солардың бірі Орақты қаһарман бабамыздың есімі туралы қазақтың ғұлама ғалымы, ұлағатты ұстазы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ҚСР-ы Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Ақажан әл-Машани (1906-1997 жж) «Таңбалыларды салыстыру» атты мақаласында Орақ сөзінің мағынасы туралы сөз қозғапты: «... Орақтан бастайық Орра деген ертедегі халықтар түсінігіндегі биік шың тау басы (сызған Қ.Н.) деген мағынада. Орақ аспан шырақ, әлем сәулесі жұлдыз мағынасында (сызған Қ.Н.). Сонда Ай-Орақ сол шырақтардың басқы туы деген сөз болып шығады. Ай-Орақ Үркерге (Өгізге) кездескенде – тоғысқанда жыл басы Наурыз делік...) дейді ғалым. (Әл-Машани А.Өгіз ханның қолтаңбасы. Көптомдық шығар-
малар жинағы 15 том, Алматы, Болашақ баспасы 2011, 47-бет).
Орақ сөзі биік шың мағынасын береді және мұсылманның Ұлыс мейрамы Наурыз басталуы себебі де Орақты бабамыздың атымен байланысты екендігін тағы да дәлелдеп жату артық болар. Бұған тағы қосарымыз Ақжан абыз-ғалым атамыз 13 ата жалайырға күйеу болып келеді.
14 ғасырда өмір сүрген жалайырдан шыққан тағы бір Орақты батыр ноянға зер салайық. Хулагу Кіші Азияны жаулап алуға барғанда оның әскерінің қолбасшысы Жалайыр Елхан Джуджи (Жошы) Термалахұлы өз руларын басқарып барған ержүрек батырлардың бірі еді. Сол Елхан қолбасшының өзімен бірге әскер қатарында болған 9 ұлының бірі Орақты ноян. Бұлар Иран, Ирак, Әзірбайжан жерінде 1335/6-1432-/3 жылдары 97 жыл билік құрған Жала-йыр хандығының (мемлекетінің) негізін қалаушылардың бір ғана бұтағы (Баяни.Ш. Ирандағы билік құрған қазақтар оның ішінде жалайыр ұлысының тарихы Астана 2011 жыл.)
Орақ бабамыздың әлем сөздігінде хатталған Орақты, Орақ, Урак көптеп кездеседі.
Қазақ сөздігі. Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі (Алматы «Дәуір» баспасы 2013 жыл «Орақ» сөзінің 12 түріне түсініктеме бар екен. Көбісі егін шаруашылығына арнал-
ған тек Ораққа береке (тілек, Орақ мұрын, (тұмсық), Орақ пышақ үшеуі ғана басқа мағына береді. (Сонда 1005-бет).
Орақ балға 74 жыл (1917-1991 жж) кеңестік дәуірдегі жұмысшы және шаруаның символы болғандығын тағы ұмытпайық.
Қазақ елінің Орақты бабамыздың есімімен аталатын жер-су аттарын жіктемей, тек өзі жатқан жердің аты Балқаш ауданындағы Орақтөбе, Орақ-Балға колхозы, Орақ ауылы Орақ ауылдық округі екендігін айтпақпыз.
Орақты бабамыздың есімі шетел тарихында да кездеседі екен. Осы жолдың авторы жалайыр тарихына байланысты жүздеген әдебиеттерді парақтап, соның ішінде А.Станишевтің «Афганистан» деген кітабында (Москва Воениздат 1940 жыл) Ауған жеріндегі Орақты руын жазыпты. Ал Рейстер.М.Г. «Афганистан экономико-географическое характеристика (Москва Восниздат географической литературы 1946 год, 33 стр.) Ауғанның Қарани тайпа одағында Ахмедзаи, Орақзаи (сызған Қ.Н.) рулары бар екендігін жазған. Бұлар тау аймағы ГАЗНИЙ Платасы мен Сүлеймен тауында тұрады екен.
Орақты аттас рулар ноғайлы, Қырым татарлары мен башқұрттарда да бар. Іздесек тағы басқа түркі тайпаларында да табылады. Орақ аттас жер-су аттары барлығын 87 томдық әлемге әйгілі октябрь социалистік революциясына дейін шыққан Брокгаузъ.Ф.А. Ефрон.И.А. энциклопедиялық словарінде де кездестірдік.
Уракова гора – Саратовской гуверний ... Ураковский перекать – ... Деревня Ураковой Чебаксарского уезада ...Урак река Приморской области... (Брокгаузъ.Ф.А. Ефрон.И.А. Энциклопедический словарь том XXXIVа С-Петербург 1902 859 стр).
Мұндай мысалдарды Қазақ-станда шығатын энциклопедиялар мен анықтамалардан іздесе кездестіруге болады.
Ұрпағына ұран болған Орақты есіміне байланысты бір кесенеге ұрпақтары көңіл бөлмей келеді. Бұл Оқшы ата пантионы дейміз бе әлде кесенесі немесе мазары дейміз бе?
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында (том 3, Алматы 2001 жыл) былай деп жазылған: «...Аңыз бойынша қазіргі Қызылорда облысындағы Шиелі ауданына таяу жерде Оқшы ата (Мерген ата) қорымы жалайырға кіретін Орақтының арғы Орақ батырдың лақап аты екен. Кейінгі ұрпақтары оны әулие санап, атын тура атама-ған көрінеді...» (Сонда 486-бет).
Дерек бойынша Асан ата,.... Қыш ата, Ғайып ата, 19 ғасыр-дың тұлғалары – Бала би, Досбол сүйектері жатыр. (Егемен Қазақстан, 2018 жыл 28 ақпан). Енді жалайыр тарихының тамыршысы Ораз Исмайылов ағамыз-дың жазбасына көңіл бөлейік:
1977 ж. фольклоршы Қаратай Биғожин Қазақ ССР Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уали-ханов атындағы тарих, археология және этнография институтының Қазақ ССР тарихы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Бекежан Сүлейменовтың қолындағы Сегізсері Баһрамұлы Шақша-қовтың (1818-1854) жазып қалдырған жазбаларынан мынадай мәліметтерді алып келді: Жетісу жері тұрғылықты халқының қол бастаған ба-һадүрі, асқан мерген, ақиық ардагері Орақтың лақап аты – Оқшы. Бұл есім оған атқан оғы зая кетпейтін көздегіштігі мен атқыштығы үшін берілсе керек» – дейді белгілі жазушы (Исмайлов О.Айдынды. Орақ ойлы Орақ. Октябрь туы 1989 жылы 21 қаңтар). Ал түркітанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Оқшы бабамызды ХІ ғасырда өмір сүрген, 1043 жылы қайтыс болған деген пікір білдіреді (Қазақ елі 1997 жыл 5 қыркүйек). Бұдан басқа да кереғар пікірлер бар. Сондықтан, биыл ұлы бабамыздың туға-нына 600 жыл толғанына байланысты Оқшы ата мазарына мәрмәрден «Оқшы ата – жалайыр Орақты» деп сызықшамен жазылған тақша қойылса, ас беріліп, абаттандырылса, қаһарман батыр бабамыздың әруағы риза болар еді...
Орақты батыр туралы дала ауызша тарихнамасында (ДАТ) аңыз-әңгімелер өте көп, аңыздың түбі – ақиқат деген ұлы қазақ үшін халықтың аңыздарынан артық ақиқат жоқ екендігін ұмытпайық, ағайын!
Газеттің көлеміне байланыс-ты мақаламды қысқартуға жөн келіп тұр. Кейінірек бұл тақырыпқа қайта ораламыз.
Ел аман, жұрт тыныш болса бабаның әруағы қолдап ұрпақтарға өсіп-өніп, еш уақытта ұмытпайтындығы ақиқат.
Қазақтың әрбір баһадүр батыры халқына, Отанына ортақ оларды бірігіп бөле-жармай бағалайық, ұмытпайық, ұлықтайық, ру-тайпаға бөлінбей, ағайын! Батырдың әруағын сыйлаған елдің рухы азбайды, дәстүрлері де тозбайды деген халық сөзі осындайдан қалған болар шамасы, ағайын!
Замандар өтер, ұрпақтар алмасар, бірақ қазақтың аға тайпасы, Ұлы жүздің «ноқтағысы» 13 ата тарақ таңбалы жалайырдың «ноқтағысы» атанған қасиетті Орақты батырдың есімі мәңгі қазақ халқымен бірге өмір сүре бермек.
Құлтай Нұрқалбайұлы,
тарихшы-өлкетанушы