Жетісуда Janr әдеби клубының тұсауы кесілді

Құдды алдын-ала ойластырылған сценарий секілді бірер күнде жалпыхалықтық науқанға айналып шыға келді. Үлкен де, кіші де, ақын да, жазушы да, әкім, министр, депутаттарға дейін Мұқағали өлеңдерін оқып, жарыса өздерінің парақшаларына жүктеп, бір-бірін тегтеп, челендж жолдап жатты. Қазір осы бір әдеби эстафета елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ордасына ат байлаған жайы бар. Алдағы күндері де ол кісілер ақын өлеңдерін оқып, елдік шараға үн қосып қалуы бек мүмкін. Ал осы «Мұқағали өлеңдерінің челенджі» қайдан басталды екен?» деп ізденген адам із қуаласа көп әуреленбей Талдықорғаннан бір-ақ шығары анық. Өйткені үлкен істі бастаған кішкене ғана Janr әдеби клубы еді. Жақында ғана құрылған ұйым ФБ, инстаграмм желісіндегі парақшаларына өлең оқыған азаматтардың бейнежазбасын күн сайын жүктеп отырады. Күн сайын қоржын салмақтанып, қор толығып жатыр. Бұл бір жағынан Мұқағали Мақатаевқа деген халықтың құрметі, екіншіден челлендж ұйымдастырушыларының жауапкершілігі.
Жалпы Janr әдеби клубы қайдан шыға келді? Онда кімдер бар? Қызық сұрақ, елді қызықтырар сұрақ. Қаңтар айының 15-жұлдызында қоғамдық бірлестік ретінде тіркеуден өтіпті. Құрылтайшылары талдықорғандық оншақты жас қаламгер. Мүшелері де кіл жастар. Клуб жарғысына сәйкес 45 жасқа дейінгі ақын-жазушылар мүшелікке өтеді екен. Клуб президенті жазушы – Есболат Айдабосын, оның орынбасары – ақын Жангелді Немеребай, ал атқарушы директоры – ақын, әдебиеттанушы Айнұр Төлеу. Аға буын өкілдері ақылдастар алқасына тартылған. Оның төрағасы – белгілі журналист, жазушы, «Jetisy» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы Сарыбай.
Janr әдеби клубы іске қызу кірісіп кеткенмен әлі тұсауы кесіліп, әдебиет әлеміне толыққанды қадам баспаған екен. Сол шара күні кеше өтті. Осылайша 15-қаңтарда ресми тіркелген Janr клубының 16-ақпанда ресми таныстырылымы болды. Тұсаукесер рәсімін Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Қапашұлы Көлбаев жүргізді. Ол «Janr әдеби клубы заңды түрде тіркелген, өзінің жарғысы мен мөрі бар ресми ұйым екенін, клуб жұмысын облыс әкімшілігі толық қолдайтынын» айтып, жиналған қауымға клубтың мақсат-міндеттерінен хабар берді. Жиналыста білгеніміз Janr клубының жылдық жоспары дайын. Бас-аяғы оннан аса шаруаны жыл бойы іске асырамыз деп білек сыбанып отыр. Оның ішінде аудиокітап, балаларға арналған шағын кітапшалар дайындау, былтырлары республикалық деңгейде қолға алынған әдеби өлкетану жобасын аймақтық деңгейде жалғастыру, қаламгерлердің интелектуалдық әлеуетін көтеру үшін түрлі талқы, семсинар, тренингтер ұйымдастыру секілді жобалар бар. Жиында сөз алған Серік Әбікенұлы: «Жетісу – қазақ әдебиетіндегі Мұқағали Мақатев, Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Жұматай Жақыпбаев сынды әдебиеттің ірі діңгектері өмірге келген өлке. Сол себепті осы өлкеден әлі де сондай талантты, талапты азаматтар шығады деген сеніміміз бар. Janr әдеби клубының жұмысы біздегі әдебиетті жандандыра түседі, жастардың кеудесіндегі шоқты маздатып, алау етіп жаға біледі деп сенеміз»,–деді. Ал клуб басшысы Есболат Айдабосын сол сенімді ақтауға тырысатынын айтып, жас қаламгерлерге шығармашылық табыс тіледі. Жалпы республиканың әр аймағында қаламгерлер бірлестіктері жоқ емес, бар. Талдықорғанда да бұдан бұрын Тамшыбұлақ әдеби бірлестігі болған. Бірақ олардың көбі Әділем министрлігі арқылы қоғамдық бірлестік ретінде тіркелмеген. Ал Janr өзінің жеке мөрі, құжаты бар толыққанды ұйым. Кеше клубтың алғашқы мүшелеріне куәлік табысталды. Жетісулық жиырма жас қаламгер клуб мүшелігіне ресми түрде қабылданды.
Ақерке Тоқтарова