Бақ берекем, құт мерекем – әз Наурызым!

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Наурыз мерекесі әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді.
Бақ берекем, құт мерекем – әз Наурызым!

Бұл күні қазақтың сайын даласын Қыдыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиетті қара жер, қара топырақ бусанады. Биыл ел көлемінде ұлы тойды тойлаудың бағыты жаңарып, 9 күн бойы тойланатын «Наурыз шапағаты» жинағына топтастырылды.

 14 наурыз – Көрісу (Амал) күні

Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. «Ұлыс оң болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деген сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн. Төс қағыстырып, қол алысу, үлкендерден бата алу, адамдар арасындағы сыйластық, қауышу мерекесі – Көрісу күнінің кейінгі ұр-паққа өнегесі мол.

15 наурыз – Шежіре күні

Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылады. Сонымен қатар, жұртшылық мал сойып, өткен-кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды.

16 наурыз – Жайлау күні

Айнала табиғатпен біте қайнасып өмір сүру көшпелі қазақ дүниетанымының бір бөлігін құраған. Сол себепті ұлық мерекеде жаратылысты аялау мақсатында табиғат аясында бір күн өткізу маңызды. Бұл өскелең ұрпақтың экологиялық, зияткерлік санасын дамытуға септігін тигізеді және денсаулығын жақсартады. Адамдар табиғат аясында серуен құрып қана қоймай, сонымен қатар, ондағы қоқыстарды тазалап, тал егіп, көшет отырғызады.

17 наурыз – Еріктілердің қатысуымен игі істер күні/дархандық күні

Бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін бір жақсы іс жасайды. Еріктілердің қатысуымен тазалықтар өткізіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қол ұшын беруге арналады.

 

18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні

Ұлттық спортқа арналатын күні жер-жерлерде, ипподромдарда ересектерге арналған көкпар, бәйге, қыз қуу, аударыспақ ұйымдастырылады. Балалардың асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, садақ ату, т.б. ойындар ойнауына арнайы орындар жасалады. Жастар мен балалардың болашақтағы бес саусағынан өнер тамған шебер, жезтаңдай әнші, биші, зергерлік талантты ұштау мақсатында байқау өтеді.

19 наурыз – Зияткерлік күні

Осы күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпос-тардан үзінділер айтылады.

20 наурыз – Жоралғы күні

Бұл күні әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер айшықталады. Ұмыт бола бастаған жоралғылар жаңғыртылады, барлары заман талабына сай дамытылады. Салт-дәстүрдің, ырымтыйымның адам мен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріледі.

21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні

Әр үйдің дастарқанында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Этнографтардың айтуынша, қазақта тағамның 200-ден аса түрі болған. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі.

22 наурыз – Бұқара күні

Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алады, одан әрі бұқаралық мерекелік іс-шараларға ұласады.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.