Көрегенділік белгісі – көрісу

Көне жазба деректерде жалпы Наурыз айы Хамал, яғни Амал айы деп көрсетіледі. Бұл, әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында кеңінен түсіндіріледі. Ғалымның айтуы бойынша, қазақта сегіз күндік Наурызнама өтетіні жазылған. Бұл ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығына тұспа-тұс келеді.
Көрегенділік белгісі – көрісу

Наурыздың түп-төркінін Нұх пайғамбардың заманымен байланыстырған ғұлама: «Пайғамбар соңынан ерген Құдайға сенген үш ұлы мен келіндері және одан бөлек тағы сексен адам алты ай, он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты» дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айырылып, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты деп баяндай келе: «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхаррам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың күнтізбесі ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхаррам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ, Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және наурызға сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады деген дәйекті деректі алға тарта отырып, тұшымды тұжырым түйеді.

Ал қазақтың біртуар перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлы болса:

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып, көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай

Жамырасып өріскен,

Ұлыс күні қар еріп,

Сай-салалар гүрілдер.

Көк шөбі шығып желкілдеп,

Дүние біткен күлімдер, – деп жалпы Көрісу мейрамының көнеден бергі тойлану дәстүрі мен сыр-сипатын тамаша суреттейді.

Демек, Наурыз мейрамының күн мен түннің теңелер шағы 22 наурыздан емес, 14 наурыз – Амал, Көрісу мерекесінен басталуы тегін болмаса керек. Көктеммен бірге көңілдің сызын кетіру деген де ғажап құбылыс. Ренжіскен ағайын табысып, барлық жамандық атаулы ұмытылатын, ел-жұрт болып жақсылыққа қарай мерейлене бет бұратын бұл күннің шын мәнінде шапағаты мол. Өйткені Амал – мейірім, сауап мейрамы.

Жалпы, Ұлыстың ұлы күнін 22 наурызда күллі қазақ болып атап өткенімізбен, Амал, Көрісу мейрамын күні бүгінге дейін негізінен еліміздің тек Батыс өңірі айрықша тойлап келеді. Олар Амал мерекесін Отпан тауында тойлайды. «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өтетін айтулы мейрамның өңір халқы үшін маңызы зор. Маңғыстаудың биік шоқысы теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан тау басында тойланатын мерекеге айрықша әзірленетін өңір халқының бұл мейрамға деген құрметі мен ықыласы шын мәнінде сүйсіндіреді.

Расымен де, Наурыз – береке мен бауырмалдықтың, ауызбіршіліктің мейрамы. Ұлыс күні қазан толып, арқа-жарқа болған ағайынның кеңпейілді көңілінің өзі көктемнің алғашқы күндерін ерекше шуаққа бөлеп, нұрландырып жіберетіндей. Сондықтан қазақ ежелден-ақ Наурызды тойлауға айрықша мән беріп келді. Ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, достыққа шақыратын, бірлікке үндейтін бұл мейрамның тағылымы зор. Әсіресе, 14 наурыздан басталар Амал айының әр адамның жақынына жылы сөз айтып, жыл сайын бір-бірімен аман-саулықта жүздесуді нәсіп еткені үшін іштей тәубе етуге үндейтін сауабы да мол. Бұл жөнінде «Бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні» турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де жақсы жазылған. Демек, адам мен адамның бір-біріне амандық тілеп, әр таң сайын есен-сау жүздесуіне шүкіршілік ете білуінің өзі үлкен ғибратты һәм сауапты іс.

Көрісу күні ағайын арасындағы ескі өкпереніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмытылады. Бұл күні табиғатпен бірге адам жаны да жаңарып, тазарып, ерекше күйге кенеледі. Яғни, қай жағынан келсек те әз Наурыздың мән-маңызы зор. Әсіресе, жаһандануға бет бұрған жаңа ғасырда жаңа тұрпатты ұлтқа айналамыз десек, ең әуелі өз тамыр-тегіміз бен дәстүр-салтымызға еркін бойлап, күнделікті қолданысымызға енгізудің рөлі үлкен. Бұл тұрғыдан келгенде, Жыл басы – Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде ұлықтап, Амал мерекесін тұтас ұлт болып тойлап, жалпыхалықтық мейрамға айналдыруымыз керек-ақ. Бір жасыңыз құтты болсын!     

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.