«КЕЗДЕСУ МЕН ҚОШТАСУ»

Биапа театрында көктемгі премьера көрермендерді асыға күтеді
«КЕЗДЕСУ МЕН ҚОШТАСУ»

Бикен  Римова атындағы Талдықорған драма театрында 1-2 наурыз күндері Александр  Володиннің  «Қоштасқым  келмейді» пьесасының желісімен «Кездесу мен қоштасу» қойылымы сахналанады. Қойылымның қоюшы-режиссері  –  Алмат Шарипов. Қоюшы суретшісі  – Жанат Дүйсенбаев және костюм суретшісі – Қарлығыш Шалабаева. Отбасы құндылығы тақырыбын арқау еткен қойылым  кездесу  мен  қоштасу, ғашықтық пен қызғаныш,  шайқалған  шаңырақ  пен бағаланбаған  бақыт  туралы сыр шертеді. 
Бір қойылымнан бірнеше отбасының тағдырын көруге болады. Әрқайсысы өз өміріне өкпелі. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын тағдырлар. Айырылысу салдары да әртүрлі. 
Алайда барлығының басынан өткергені бүгінгі қоғамның тынысымен байланысты екені айдан анық. Сот залында қателіктерін мойындап, қайта қауышқандары қаншама. Кей кездері адамдар болмашы дүниеге бола өміріндегі басты құндылықтарды есінен шығарып алады. Біреу қателігін кеш түсінсе, тағы біреу мүлдем түсінбейді. Сондықтан бақытты бағалап, отбасынан  артық  дүние жоқ екенін үғынған абзал. Қойылымның айтар ойы да осыған негізделген.  
Қойылымның астарында қазақта айтылып жүрген «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мән-мағына жатыр. Тағдыр қандай қиын болса да, ерлі-зайыптылар  бәріне төзіп, болмашы дүниелерге ажырас¬пай, отбасы мен бала-шағасының болашағын ұмытпауы керек деген түйін түйіледі. «Мен сені сағындым. Қоштасқым келмейді. Біз мәңгі бірге боламыз» деген сөздермен аяқталатын спектакль әрбір адамды қоштасу алдында жүректің үнін тыңдауға үйретеді.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.