Сазгер ұстаздың қолтаңбасы

«Мэлс Рамазанұлы бар болмысымен, мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен ұстаз деген әзиз атқа лайық жан. Біздің бала күнімізде қандай кірпияз, адал, өз ісінің шебері болса, сол қалпынан әлі күнге дейін танған жоқ. Оның ұстаздық ұлағаты кейінгі буынға үлгі», – деген Т.Жұмаділов ұстазының сазгер ретіндегі қолтаңбасы қазақ музыка өнеріне қосылған өлшеусіз қазына екенін атап өтті.
Жақында ғана Мэлс Керейбавтың он әні «Балапан саз» балалар мен жастар шығармашылығы одағы» қоғамдық қоры құрастырған «Балапан саз» Қазақстандағы заманауи балалар әндерінің антологиясына еніп, өзі еліміздегі заманауи балалар әндерін дамытып, өскелең ұрпақтың музыкалық мәдениетін қалыптастыру және жан-жақтылыққа тәрбиелеу жолындағы белсенді қызметі үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Алғыс хатымен марапатталды. «Балапан саз» антологиясының алғы сөзінде Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров: «Балапан саз» антологиясына әндері топтастырылып отырған авторлар балалар әлемімен біте қайнасып жүріп, шығармашылыққа жол тапқан практиктер. Бұл авторлардың артықшылығы – көп жылдардан бері тәжірибе жүзінде қалыптасқан, әрі түрлі мерекелік даталарда қажеттілікке қарай, тақырыпқа сай балалар репертуарын қалыптастырған. Сондықтан, бұл жинақтың жас ұрпаққа музыкалық тәрбие беріп, мәдениетін қалыптастыруда маңызды орын аларына сенімім мол», – деп жазды.
Ал жинақты құрастырушы, Мәдениет қайраткері Алтын Маханбетова: «Балапан саз» балалар әндері антологиясын жарыққа шығарудың басты мақсаты – соңғы 25 жылда жарыққа шыққан балалар әндерін насихаттап тарату. Елімізде балалар шығармашылығына қалам тербеп, ән жазып жүрген авторлардың туындыларын жинақтап, мектепке дейінгі ұйымдар мен орта білім беретін мектеп бағдарламаларына, қосымша білім беру мекемелеріне көмекші құрал ретінде ұсыну. «Бала балаша ән салуы керек». Сондықтан, ел келешегі саналатын жас ұрпақтың рухани дамуына арналған басты құрал ретінде – балалар әндерінің маңызы зор. «Балапн саз» заманауи балалар әндерінің басты ерекшелігі – жинақта 22 автордың әндері топтастырылып беріліп отыр. Айта кетсек, бұл әндердің басым бөлігі 2019-2021 жылдар аралығында «Қазақ радиосы» эфирінде жүргізілген «Балапан саз» радиобайқауында тыңдарман талқысынан өткен әндер»,– деп баға берді.
Антологияда М.Керейбаевтың белгілі ақындар Н.Әлімқұлов, А.Асылбеков, Ә.Дүйсенбиев, Қ.Баянбаев және өзінің өлеңдеріне жазған «Сәлем саған, мектебім!», «Қоңырау», «Әліппе», «Жаңа жыл», «Ақ гүлімді сыйлаймын», «Ағайынбыз бәріміз», «Ұлы дала ұланымыз», «Тоқылдақ» сияқты әндері жарық көрді.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА