Елдіктің тірегі – Еңселі Елорда

2008 жылдан бері Елордамыз – Астана күні мемлекеттік мереке ретінде тойланып келеді. Бүгінде шежірелі Сарыарқаның төсінен ойып тұрып орын алған бас қаламызға қазақстандықтар ғана емес, әлем елдерінен келгендер де тамсана қарап, сүйсінуде. Бұл – бүгінгі Нұр-Сұлтанның беделі, қазақ елінің үлкен мерейі.
 Елдіктің тірегі – Еңселі Елорда

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Қазақстанның бас қаласы Нұр-Сұлтан атауына ие болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен іргесі қаланған арман қала бүгінде Тәуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Бас қаланың өн бойында Елбасының ғасырлық қолтаңбасы, жасампаздыққа жетелеген жарқын жеңісі жатыр. Шаһар шежіресіне көз жүгіртсек, Елорданың ғұмырнамасы сонау Дешті-Қыпшақ заманында дәуірлеген Бозоқ қаласынан бастау алады. Бұл туралы Астана қаласы төңірегінің толық археологиялық картасын жасауға алғаш бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «...ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы, ал оның соңғы тікелей мұрагері қазіргі Қазақстанның елордасы – Астана қаласы деп есептеуге болады», деп атап көрсетті. XIX ғасырдың бірінші жартысында Есіл өзенінің оң жағалауында бекініс салынып, оның айналасында Ақмола қаласы өркендей бастады. 1961-1992 жылға дейін қала Целиноград деп аталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қалаға «Ақмола» деген тарихи атауы қайтарылды. Ал, «Астана» атауы 1998 жылы астана мәртебесін алғаннан кейін өзгертілді. Елорданы Алматыдан көшіру туралы шешім Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен қабылданды.
Жаңа Елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына айналып, күллі әлемге танылып үлгерді. 6 шілдеде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 80 жасқа толады. Елорда мен Елбасы – егіз ұғым ретінде қалыптасып, Қазақ Елінің зор мақтанышына айналды. Шуақты мереке халқымызға шұғыласын шашсын!

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.