Өз өмірің өз қолыңда

Халық арасында «тәж тажалы» атанып кеткен кеселдің кесірі дүниежүзін дүрліктіріп тұр. Әлем ғалымдары вакцина ойлап табудың қамында. Ал, қарапайым халық ғаламторды шарлаған түрлі «ем-домдарға» бас қатырып, коронавирустан құлан-таза айығып кетудің, тіптен оны жұқтырмаудың сан салалы жолы бар екен деп әлек. Осы орайда, індеттің елімізде таралуы және Covid-19 инфекциясымен күрес бойынша қандай жұмыстар қолға алынғаны жөнінде Текелі қалалық инфекциялық аурулар бөлімінің меңгерушісі Ғабит Иниятовтан біліп қайттық.
Өз өмірің өз қолыңда

– Қауіпті індеттен сақта-нудың оңай жолы ретінде ғаламтор желісінде пияз, сарымсақ, лимон, зімбір, сода, балды пайдалану, темекі тартып, ішімдік ішкен адамға вирус жұқпайды екен деген ақпарат көбейіп кетті. Бұған дәрігер ретінде не дейсіз?

– Covid-19 – жаңа респира-торлық вирус. Ол адамнан адамға ауа тамшылары арқылы жылдам берілетінін білеміз. Оған қарсы вакцинаны ойлап табу үшін бүкіл әлем ғалымдары жұмыс жасауда. Егер де, осы айтылған пияз, сарымсақ, зімбір, соданы ғана пайдалану арқылы індетті түп-тамырымен жоюға болатын болса, халықаралық денсаулық сақтау ұйымы неге қолданбай отыр деп әрбір саналы адам өзі ойлануы керек. Қарапайым күнделікті тұтынып жүрген заттармен ғана мәселені шешуге болатын болса бүкіл әлем халқын оқшаулап, қашықтан оқып, қашықтан жұмыс жасап дүрлікпес еді. Ал темекі шегушілерге қауіпті індет жоламайды екен деген тіпті жансақ пікір. Дәрігер ретінде айтсам, керісінше, темекі шегушілердің ауруды жұқтыру қаупі өте жоғары. Неге десеңіз, темекі тартатын адамның өкпесі әлсіз болады. Сондықтан, темекі мен ішімдікті тастап, дұрыс тамақтанып, иммунитетті көтеріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.

 

– Соңғы мәліметтерден елімізде вирус жұқтыр-ғандар санының өсіп келе жатқаны анық байқалады. Бұған не дейсіз?   

– Бүгінгі таңда әлемде сырқаттанғандардың саны 9 млн-нан асты. Covid-19 жұқтырғандардың саны күн санап өсуде. Қазақстанда бүкіл кезеңде 19285 жағдай тіркелді. Барлығы 11882 адам жазылып шықса, өкінішке орай, 136 адам көз жұмды.

Көптеген жағдайда вирусты жұқтыру азаматтардың сақтық шараларды сақтамауынан және бірінші кезекте өз-өзіне жауапсыздығынан болады. Кейбіреулер әлі күнге дейін аурудың бар екеніне, қаншалықты қауіпті екеніне сенгілері келмей жүр.

 

– Сақтық шаралары туралы айтсаңыз... 

– Өте маңызды мәселе – сақтық шаралары. Әр адам өзінің өмірі өз қолында екенін жете түсінуі керек. Шектеу шараларын босаңдатқан соң індеттің таралуы артқанын ескеріп, өңір мен қала басшылығы карантиндік шараларды тағы күшейте түсті. Ауырғандар санының көптігінен ауруханада орындар жетіспеуде, сондықтан, ауруханаға жатқызу тәртібін өзгерту туралы шешім қабылданды. Симптомсыз науқастар медицина қызметкерлерінің бақылауымен үйден емделеді. Текеліліктерге айтарым: өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығы – сіздің қолыңызда. Сыртқа шықсаңыз міндетті түрде маска, қолғап киіңіз, қалтаңызда антисептик жүрсін. Жеке гигиенаның қарапайым ере-желерін сақтап, қолыңызды сабындап жуып, ауыз-мұрынды сумен шайып жүрген абзал. Адамдар көп шоғырланатын жерге бармауға тырысып, отбасылық мереке, тойларды кейінге қалдырған жөн. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз.  Денсаулық баға жетпес құндылық болғандықтан, біз салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығымызды күтуіміз керек, адам капиталының сапасы мен саны оның денсаулығына тікелей байланысты екені сөзсіз. Еш қателесуге болмайды, жауапкершілік танытыңыздаршы. Себебі, сіз өзіңіз үшін ғана емес бүкіл қоғам үшін жауапты екеніңізді түсінуіңіз керек.

           Нұржан Махаббатқызы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.