Кезекші топтар жұмысы жанданды

Мұндай шешім ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас санитарлық дәрігерінің 31 мамырдағы қаулысы негізінде қабылданды. Балабақшаларда ашылған «кезекші топтар» ең алдымен балаларын үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ, ата-анасының екеуі де жұмыс жасайтын отбасылар үшін ашылды. Әр топтағы балалар саны 15-тен аспау керектігі қатаң ескертілді. Сонымен қатар, учаскелік педиатрден баланың денсаулығы туралы анықтама алуы міндеттелді. Балабақшалардың ауласы тазартылып, ойын құрылғыларының барлығына дезинфекция жасалды. Күнделікті әр баланың дене қызуы өлшеніп қабылдануда, ылғалды тазалық жұмыстары, залалсыздандыру, желдету, дезинфекциялық жұмыстар талапқа сай жүргізілуде. Осылайша, ата-ана мен балалардың алаңсыз болуы үшін қауіпті індеттен сақтанудың барлық амалдары жасалған. Бүгінде ашылған 22 топта 286 жас өрен сүйікті балабақшаларына қайтадан оралды.
Нұржан Махаббатқызы