Қашықтан оқыту – заман талабы

Төрткүл дүниені дүрліктірген жаман індеттің салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланып, 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары мен студенттер алғаш рет қашықтан оқытуға көшірілді. Осы орайда, қалалық білім бөлімі тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды білу мақсатында білім бөлімінің басшысы Зухра Игембаеваға хабарласып, жедел-сұхбат алдық.
Қашықтан оқыту – заман талабы

– Зухра Қантайқызы, бүгінде әлемнің 165 елінде қолға алынған қашықтан оқыту бағдарламасының өмірімізге енгеніне бір апта уақыт болды. Бұрын-соңды бұндай әдіс-тәсіл бізде қолданбағандықтан педагогтарға қиындық тудырып жатқан жоқ па? Оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары толық жасалды ма? Жалпы, атқарылған жұмыс туралы тарқатып айтсаңыз...

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай жариялап, 16 наурыздан бастап барлық білім беру ордалары жұмысын уақытша тоқтатты. Аты жаман аурудың таралуының алдын алу мақсатында 6 сәуірден бастап төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастадық. Білім және ғылым министрлігінің мұғалімдерге арналған нұсқаулығы, тиісті шараларының негізінде, сондай-ақ, жалпыреспубликалық, облыстық онлайн жиындар болып, жаңа форматты оқыту жүйесі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Қала көлемінде де онлайн жүйе арқылы оқушылар мен ата-аналарға қашықтан оқытудың қыр-сырын таныстырып, түсініксіз тұстарын түсіндіруге тырыстық. Ал, педагогтарға жат дүние деп айта алмаймыз, себебі, біздің мұғалімдер соңғы жылдары онлайн сабақтар, вебинарлар өткізіп, бұл салада біршама шыңдалған. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін сабақ барысында түрлі электронды оқулықтар, цифрлық білім беру жүйелерін, kundelik.kz жүйесін қолданып келгендіктен, еш қиындық тудырған жоқ. Дегенмен, педагогтардың жауапкершілігі зор болғандықтан ұдайы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Текелінің барлық мұғалімі қашықтан оқытуды игерді деп айта аламын.

– Қашықтан оқыту сабағы қала мектептері мен Рудничный ауылында нақты қалай жүзеге асуда? Әр оқушыда компьютер немесе ноутбук, интернет болуы міндетті ме?

– Қазіргі оқыту жүйесі бойынша оқушылар мен мұғалімдерде компьютер, ноутбук болса, әрине, нұр үстіне нұр. Егер болмаса, орнына смартфонды пайдаланса болады. Білім және ғылым министрлігі бізге қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма бергендіктен, тоқсан басталғанша барлық мектептеріміз әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын мектеп ноутбуктарымен барынша қамтуға тырысып, уақытша пайдалануға берді. Әр сабаққа жауапты педагог оқушыға білімді тиімді игерту жолын таңдап, балаларға ыңғайлы жағын қарастыруды көздей білді. Өткен аптада, мысалы, скайп, zoom, whatsАрp, телеграмм чаттары, ютуб каналдары, видеосабақтар және тағы басқа ресурстар қолданылып алғашқы сабақтар өткізілді. Мұндағы басты мақсат – барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әр баланың білімді игеріп, өмірде қолдана алуына жағдай жасау. Сабақ біткен соң, келесі сабаққа дейін оқушылар өздеріне қолайлы байланыс жүйесі арқылы үй тапсырмасын жіберіп, кері байланыс жасалып отыр. Рудничный ауылдық округіндегі №7 орта мектебіндегі қашықтан оқыту туралы айтсақ, ауылдағы интернет жылдамдығының баяулығына байланысты мектептің ерікті мұғалімдері оқушы мен мұғалім арасында тапсырмаларды тасып жүр, төтенше жағдайға байланысты барлық сақтық шаралар қатаң бақылауда.

Осы тұста айтарым, өз баласының біліміне алаңдаған әр ата-ана баласына жауапкер-шілікпен қарағаны жөн. Әсіресе, көпбалалы жанұяда 1 ғана ұялы телефон болса, әр баласының видеосабақтарын көруіне жағдай жасап, арнайы кесте әзірлегені дұрыс. Сондай-ақ, мұғаліммен кері байланыс жасауын қадағалауы құптарлық іс. Тағы бір ескеретін жайт, 1-11 сынып оқушылары «Балапан», «Еларна» телеарналарынан дүйсенбі-жұма аралығында мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған телесабақтарды көріп, арнайы мамандандырылған интернет-платформалардан өткен сабақтарды қайталап көруіне мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде мемлекетіміз ел болашағы – балалардың барлық қажетті ақпараттарына тегін қол жеткізуін қамтамасыз етіп отыр.

– 15 сәуірден бастап Алматы облысында карантин жарияланды. Яғни, оқушылар үйден мүлдем шығуға болмайды. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін қандай шаралар жасалуда?

 – Үйде отырудың қажеттілігі сан мәрте айтылып жатса да, бірқатар жерлестеріміз дала кезіп қыдырып жүргені алаңдатады. Қалалық полиция және білім бөлімі қызметкерлері төтенше жағдай жарияланғаннан бастап көше, саябақ, қоғамдық орындарды аралап рейд жүргізіп, үйде отырып оқшауланудың маңыздылығын айтып түсіндірудеміз. Уақытты тиімді әрі пайдалы өткізу үшін Текелі қаласының балалар мен жасөспірімдердің туристік және өлкетану орталығының мамандары қашықтан сабақтарын ұсынуда, жақында «Текелінің көрікті жерлеріне саяхат» атты қашықтан суреттер байқауын өткізді. Балалар шығармашылығы орталығының гитара сыныбы, қолөнер үйірмесінің жетекшілері қашықтан сабақ өткізуде. Бұдан бөлек сынып жетекшілері, пән мұғалімдері балаларды қызықты тапсырмалар мен логикалық ойындарға баулуда. Мұның бәрі әлеуметтік желілерде жарияланып жүр. Атап өтерлігі, білім алушылар мен ата-аналарының сауалдарына уақытылы әрекет ету бойынша call-орталық жұмысы ұйымдастырылды. Егер де қашықтан оқытуға қатысты сұрақтар туындайтын болса қалалық білім бөліміне 4-47-70, +77779643450, +77002619895, +77051058257 нөмірлері арқылы хабарласып білуге болады. Сондай-ақ, мұндай call-орталық әр мектепте де жұмыс жасап тұр. Байланыс телефон нөмірлерін сынып жетекшілер әр ата-анаға жеткізді.

Ел басына күн туған осындай қиын-қыстау кезде ата-аналарды еш алаңдамай, әркім өз баласының алаңсыз білімін жетілдіруіне жағдай жасауға шақырамын.

Мемлекет басшысының айтқанын бұлжытпай орындап, әрқайсымыз өз ісімізге жауапкершілік танытатын болсақ, болашағымыз жарқын болмақ.

– Сұқбатыңызға рақмет.

 Әңгімелескен
Нұржан Махаббатқызы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.