Қашықтан оқыту – заман талабы

Білім беру жүйесін жан-жақты ақпараттандырып, қашықтан оқытудың алғы шарттары Н.Ә. Назарбаев ұсынған «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасында айқын көрсетілген. Әлем бойынша өршіген індет халық өміріне көптеген кедергілер келтірді. Осы белең алған қиын жағдайға байланысты, білім беру саласы өз мүмкіндіктерін дер кезде қолға алып, қашықтықтан оқытуды ендірді. Қашықтықтан оқыту үшін Қазақстан білім алушылары мен білім берушілеріне «Kundelik.kz», «Daryn.online», Қазақстанда баламасы жоқ «BilimLand» ұлттық цифрлық білім беру платформасы, «Google Classroom» веб-сервистері арқылы оқу ұсынылды.
Қашықтан оқыту – заман талабы

Осы орайда, мектептердің ұжымы өздерінің кәсіби шеберліктері мен тәжірибелерін шыңдай отырып, оқытудың жаңа үлгісіне жауапкершілікпен қадам басты.

 Қала көлемінде де онлайн жүйе арқылы оқушылар мен ата-аналарға қашықтықтан оқытудың қыр-сырын таныстырып, түсініксіз тұстарын түсіндіруге тырыстық. Біздің мұғалімдер осы уақытқа дейін сабақ барысында түрлі электронды оқулықтар, цифрлық білім беру жүйелерін, kundelik.kz жүйесін, әртүрлі платформаларды қолданып келгендіктен, аса қиындық тудырмай тоқсанды аяқтады. ZOOM платформасымен видеосабақ жасауды, түрлі тақырыптарда конференциялар өткізуді үйрендік. Түсірілген видеосабақтарды, өткізілген конференцияларды жасақтап инстаграмм, фейсбук желілеріне тәжірибе алмасу мақсатында жүктедік. Қашықтықтан оқыту тек оқушылардың емес, ата-аналардың да белсенділіктерін оятты, қашықтықтан оқыту ұстаз еңбегінің қиын екендігін, оқушы мен ата-анаға ұғындырып, ұстаздың мәртебесі жоғары екендігін дәлелдеді.

Қандай қиын жағдай болса да, оқу, білім, ғылым, тәрбие, өнер бәрін де жеңбек!

Шілде айында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Қашықтықтан оқып үйренемін» атты stepik.org платформасына орналасқан онлайн курсына қала педагогтары да асинхронды форматта қатысып, өз білімдерін еселей түсті. Бұл курстың мақсаты: мұғалімдерге қашықтықтан оқытуға әдіс-темелік қолдау көрсету және түрлі ғаламтор сервистерімен жұмыс жасауға үйрету болды. Онлайн-курс 5 модульден тұратын қызықты, тартымды, түсінуге оңай етіп құрылған. Әр модульде оқу ақпараттары және практикалық бөлімдер рет-ретімен берілген. Оқып-білген соң бекіту сұрақтарына оңай жауап беріп, өзіңді тексеруге мүмкіндік аласың. Жаңалыққа жаны құмар ұстаздар қауымы курсты тез меңгеріп, 300-ден астам педагог сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар, мұғалімдерге тиімді ресурстардың ссылкалары да берілген. АКТ-инст-рументтерімен қалай қолжетімді жұмыс жасауға болады, мысалы, Zoom, Microsoft Teams, Google Meet және басқа да халықаралық сервистермен тиімді жұмыс жасаудың жолдарын ұсынды. Сабағымыздың ең басты кейіпкері оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыратын, олардың назарын ұстап тұратын, өздік жұмысқа бағыттайтын түрлі стратегиялар бар. Мұғалім ата-анамен тығыз байланыс орнатып, қашықтықтан оқытудың өзіне тән ерекшеліктерімен таныстыру жағы да көңілге қонымды болды. What'sapp желісінен басқа оқу платформаларымен жұмыс жүргізудің мүмкіндіктерін оқушыларға оңтайлы жеткізудің жолдарын назарға алдық. Мұнда балаларды оқу процесіне қалай тартуға, яғни олардың одан әрі өз бетінше оқуға деген ынтасын арттыруға, мұғалімдерге сапалы сабақ жоспарлауға және ата-аналарға үйде қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға көмектесуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар бағалаудың түрлері, кері байланыс берудің ұтымды жақтарына көңіл бөліп, әдістемелік шеберлігімізді арттыруға мүмкіндік туғанына көзіміз жетті.

Ақпараттандырылған ғасырда озық технологияның үздік жемістерін пайдалану – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа шың! Осындай қысылтаяң сәтте мұғалімдерді жаңа оқу жылында жігерлендіріп, демеу болған «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» тақырыбындағы курс ұйымдастырушыларына үлкен алғысымызды білдіреміз!

 ХХI ғасыр – өркениет ғасыры. Сондықтан білім беру саласы қандай да болсын білім платформаларын меңгеріп, оқу мен оқытуды жаңашаландыра беру өмір қажеттілігі деп санаймын.

Қорыта айтқанда, қашықтықтан оқыту қазіргі заман талабы болса, оны ұйымдастыруда ең бастысы электрондық материалдар, қашықтан оқытудың дидактикалық жасалымы, педагог-үйлестірушілерді дайындау болып табылады. Сондықтан, қашықтан оқыту жүйесіне білек сыбана кіріскен білім саласындағы қызметкерлер мен әріптестеріме жаңа оқу жылында тек сәттілік және шығармашылық табыс тілеймін!.

 «Жұмыла көтерген-жүк жеңіл» деген, ендеше ата-ана, оқушы, мұғалім болып жұмылып, еңбек етейік!

Н.Калыгулова, Текелі қалалық білім беруді дамыту  оқу-әдістемелік орталығының әдіскері

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.