Кене энцефалитінің алдын алу шаралары

Текелі қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы кене энцефалитінің эпидемиологиялық маусымы басталуына байланысты қала халқының біліктілігін жоғарылату мақсатында қысқаша төмендегідей мәлімет береді.
Кене энцефалитінің алдын алу шаралары

Жаз мезгілінде көкке шығып демалушылар, суға түсушілер көбейетіндігі белгілі. Көп жағдайда қауіпсіздіктің алдын алмастан опық жеп жататындардың баршылығы жасырын емес. Сондықтан да «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы жанымызға жақын ұстағанымыз абзал. Соңғы уақытта кене жәндігінен сақтану шаралары жайлы аз айтылып жүрмесе де, сіздердің назарларыңызға қауіптен сақтану, алғашқы көмек түрлері жайлы әзірленген қажетті мақаланы ұсынып отырмыз.

Кенелер буын аяқты қансорғыш жәндіктер, адам өміріне өте қауіпті – ол Қырым қанды безгегі, кене энцефалиті, туляремия, Сырдария безгегі сияқты жұқпалы ауруларды таратады. Қансорғыш буынаяқтылар адам мен малдарға көктем мен ерте жазда шабуыл жасайды.

Кене энцефалиті – жедел вирусты ауру, бұл вирус адамның миын және жұлынын зақымдап, сал ауруына душар етеді және көп жағдайда өлiмге апаруы мүмкiн. Кене энцефалитімен ауырған адам тасымалдаушы ретінде қауіпсіз, яғни адамнан адамға жұқпайды. Кене энцефалиті вирусының тасымалдаушысы және негізгі резервуары иксодо кенесі. Жұқпа адамға кене шаққан кезде ғана емес, ол денеде өрмелеп жүргенде де және оны сыққан кезде де жұғады. Олар тарататын вирустар тым қатты аяздарға төзімді. Кептіргенде және төменгі температурада өмір сүруін көп жылдар бойы сақтайды. Бірақ вирус қайнату кезінде тез 2 минутта жойылады. Дезинфекция ерітіндісіне және ультра күлгін сәулесіне төзімсіз.

Күн жылынып, жер көгере бастағаннан-ақ қалалықтар мен қала меймандары тауға шығуға, көгалға демалуға ағыла бастайды. Мұндай жағдайда таза ауада тынығушыларға, саяжайда жұмыс жасаушыларға, малды күтiп, баптаушыларға, жемiс-жидек терушiлерге кенелерден абай болуын ескертемiз. Кене үйге гүл шоғымен де, иттiң жүнiне iлесiп те келедi. Кененiң қауiптiлiгi сонда, олар адамның киiмiнiң астарына байқатпай кiрiп, денесiне қадалып алып қан сорғанда мүлде ауырмайды. Көп жағдайда адам кененi келесi күнi немесе тiптi одан да кейiн байқайды. Ауру сәуiр айынан қазан айына дейiн кездеседi, бiрақ ең қауiптi кезең – мамыр, маусым айлары. Өйткенi кененiң көбейетiн кезi – осы уақыт.

Кенелерден сақтану үшiн төмендегi ережелердi есте ұстағаныңыз дұрыс. Егер кенелер өмiр сүретiн қауiптi аумақта болсаңыз, ашық түстi киiм киiңiз. Басыңызға бас киім киіңіз, шалбарыңыздың балағын носкидiң iшiне, жейдеңiздi шалбардың iшiне салып, және мiндеттi түрде кененiң бар-жоғын бiлу үшiн бiр-бiрiңiздi мұқият тексерiңiздер. Егер денеңiзден кененi байқап қалсаңыз, саспаңыз. Кенеге өсiмдiк майын тамызу қажет. Кененiң тұмсығын жiппен орап алып, ырғақты қозғалыспен жайлап денеден шығарып алу керек. Кененi денеден күрт тартып алу – вирус жұқтыру қаупiн арттырады. Шаққан жерiн йодпен немесе спиртпен сүрту қажет. Тез арада жақын маңдағы медициналық мекемеге барып көрiнiңiз. Сiзге қажеттi көмек көрсетедi. Кененi аузы жабылатын банкаға салып санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына апарып көрсетiңiз. Олар кененiң қаншалықты қауiптi екенiн анықтайды.

Үй жануарларының жүнiн қырыққан кезде абай болыңыз. Өзiңiздi қауiптен қорғау үшiн қолыңызға резiңке қолғап киiңiз. Себебi, қауiптi вирусты жаншылған (кесiлген) кененiң қаны арқылы жұқтыруға да болады.

Текелі қаласы мен қаламыздың таулы аймағы, оның маңы кене энцефалитi ауруының табиғи ошағы болғандықтан, эпидемологиялық қауiп басым. Текелі қаласында үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде және 2019 жылы кене энцефалитi мен Лайм-Боррелиозбен ауырғандар тіркелген жоқ. 2019 жылы кене шаққаннан медициналық көмекке жүгінгендер саны-173 соның ішінде (35,8%) 62-жағдай 14 жасқа дейінді балалар, жасөспірімдер (7,5%) 13-жағдай тіркелген. Қайтыс болған жағдайлар болған жоқ.

Сонымен қатар, кене шаққан малдың шикi сүтiн iшкен кезде немесе оларды қолмен мыжыған кезде адам кене энцефалитiмен ауыруы мүмкiн.

Кене энцефалитi – орталық жүйке жүйесiн зақымдайтын ауру. Ауру белгiлерi кене шаққаннан кейiн 1-2 аптадан кейiн немесе 30 күннен кейiн бiлiне бастайды. Аурудың белгiлерi: дене қызуы 39 С-қа дейiн көтерiледi, басы қатты ауырады, жүрегi айнып құсады, бұлшық еттерi сыздайды. Ауыр түрiмен ауырғанда дененiң бұлшық еттерiнiң салдануы мүмкiн, бұл өз кезегiнде мүгедектiкке әкелiп соғады. Аурудың алдын алу үшiн кенелер белсендiлiгi басталғанға дейiн кене энцефалитiне қарсы профилактикалық екпе алу керек, бұл шара ауруға қарсы ең тиімді тәсілдің бірі болып табылады. Ағзадағы иммунитеттi арттыру үшiн екпенi күздiң соңында немесе қыстың басында алған дұрыс. Егер денеге жабысып тұрған кененi байқасаңыз, уақыт өткiзбей күнi-түнi жедел медициналық көмек көрсететiн бөлiмшелерге қаралып, кене энцефалитiне қарсы иммунолобулин алуыңыз қажет.

Кененiң бәрi бiрдей ауру таратпайды. Дегенмен, вирус жұқтырғыш кене мен жұқтырмайтын кененi ажырату қиын. Сондықтан ең дұрысы, кененiң денеге жабысып, терiге тереңдеп енiп кетуiнен сақтанған жөн.

Есіңізде болсын: қарапайым жеке қауіпсіздік ережелері сіздің денсаулығыңызды сақтап қалады. Кене энцефалиті өте қауіпті ауру екенін ҰМЫТПАҢЫЗДАР!

Ж.Мусабеков
«Текелі қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы» РММ басшысы

Р.Шарипова,
«Текелі қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы» РММ санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.