ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ораза айт намазы әрбір мұсылман үшін уәжіп, яғни, орындалуға міндетті амал. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.с) ешқашан айт намаздарын тастамағаны әрі барлық адамдарға осы күні намазға шығуларын бұйырғаны белгілі. Айт мерекесін өткізудің өз әдебі бар екенін де естен шығармаған дұрыс. Айт күні ерте тұрып, мешітке барардың алдында ғұсыл құйыну, хош иіс су сеуіп, ең жақсы таза киімдерді кию – айт мерекесінің әдеп шарттарынан болады. Бұл – мұсылман қауымы үшін жүрекке қуаныш пен шаттық орнайтын мерекелі күн. Әсілінде, мұсылмандардың екі айт мерекесіндегі қуанышы бұдан да жоғары болуға тиіс. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлеріне арнайы бару да ерекше маңызды. Сондай-ақ, айт құрметіне жайылған ақ дастархан басындағы имани әңгімелер, діни сұхбаттар, «Айт құтты болсын!» деген жүрекжарды тілектер мереке күнінің нағыз көркі, сәні мен салтанатына айналады. Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырудың да маңызы зор, осылайша жас ұрпақтың бойынан ораза айтқа деген сүйіспеншілігі қалыптасатынын ескеріңіз.
ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ораза айтының тағы бір әдебі – намазға шығардан бұрын үйден бір нәрсе жеп шығу, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемеу сүннет. Бұл амалға байланысты ардақты сахаба Әнас былай деп баяндаған: «Ораза айты күні Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан айт намазына бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін».
Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: «Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын». Пайғамбарымыз ﷺ өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу»,– делiнген. Айт намазы дiнiмiзде уәжіп амал болғандықтан, Пайғамбарымыз ﷺ өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекесі арнайы ғибадаттармен басталады. Айт намазы үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады. Пайғамбарымыз ﷺ айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын.

Тәкбір айту

 Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдардан. Алла тағала Құран Кәрімде: «Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»,–  деген

Имам әз-Зухри былай деп баяндаған: «Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын».

Айт намазын оқу

 Намазға шығар алдында құрма жеп шығу. Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл Пайғамбарымыздың ﷺ оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі. Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барған абзал.

Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін»,– дейтін. Дегенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны жөн. Себебі бұл туралы Ибн Омар былай деген: «Бірде Омар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Алла Елшісіне ﷺ алып келіп: «Уа, Алланың Елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз», – деді. Бұған Пайғамбар ﷺ: «Мұндай киімді ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді», – деп жауап берді.

Айт барша мұсылмандандың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады. «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған.

Хадисте айт күні Пайғамбарымыз ﷺ адамдарға былай деп айтқаны жазылған:

«Ей, адамдар! Бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер», – деген.

Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Пайғамбарамыздың хадисінде ﷺ: «Бірде бір адам айт күні көрші ауылдағы досын зиярат етуге жолға шығады. Жолда оған Алла періште жіберіп, ол адамнан: «Қайда бара жатырсың», – деп сұрайды. Ол: «Бұл ауылда бір бауырым бар еді, соған бет алдым». Періште: «Бір шаруаң бар ма еді ол адамда». Ол: «Жоқ, мен оны Алла разылығы үшін жақсы көрем сол үшін» дейді. Сол кезде періште: «Алла мені саған жіберді, сен ол адамды жақсы көргенің үшін Алла да сені жақсы көрді», – дейді.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан. Ораза жақсы амалдар айы болғандықтан жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер жомарт, рақымды жандардан мейірім лебін сезгісі келетіні анық. Пайғамбарымыздың ﷺ Әбу Һурайрадан келген хадисінде: «Жесір әйелдер мен міскіндерге жәрдем еткен адам Алла жолында жиһад жасаған адаммен бірдей», – деген.

 Жетімдерге көмектесу

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар», – деген.

Айт – басқаларға кешірім жасайтын күн. Пайғамбарымыздың ﷺ Абдолла ибн Амрудан келген хадисінде Алла Елшісінен ﷺ адамдардың ең жақсысы кім деп сұрады. Пайғамбарымызﷺ: «Әрбір жүрегі пәк, тілі шыншыл адам» деді. Сахаба: «Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз» деді. Пайғамбарымызﷺ:«Жүрегі пәк дегеніміз тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам», – деді.

Қорыта келе, Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі – қуаныш, шаттықпен бірге Аллаға деген құлышылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі, өмірді қайта саралауға мүмкіншілік алу, өмірдің мәнін түсініп, Аллаға деген құлшылықты күшейту. «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар» деп атамыз қазақ айтқандай, осындай ұлы күндерімізді ұлықтайық, шынайы мұсылман болайық!

Аман Айтбосынұлы, Текелі қаласы «Керімбек би» мешітінің  бас имамы

 

 

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.