Кешірім мен сауап айы

Биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірден басталатынын, Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, осындай ортақ шешім қабылданғанын наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы атап өткенін ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы жариялады.
Кешірім мен сауап айы

Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

Алла Тағаланың мұсылман құлдарына сыйға тартқан қасиетті және берекелі түндері мен күндері бар. Түндердің жақсысы – Қадір кеші, айлардың ең жақсысы – Рамазан, аптаның жақсы күні – жұма. Рамазан айы – мың айдан да хайырлы, айлардың сұлтаны, барша мұсылман қауымы отыз күн ораза ұстап рухани тазаратын қасиетті ай.

Рамазан – арлы, инабатты, кең пейіл, ізетті, ықыласты, парасатты, сабырлы, шыншыл, ұқыпты, мейірімді, қайырымды, кешірімді болатын, тақуалықты және нәпсіні тәрбиелеп, бір жыл бойы жіберген қателіктерді еске алып, Жарат-қаннан жарылқау тілейтін берекелі ай.

Рамазан Құран айы, тақуалық, тәрбие айы екенін біле тұра қалайша ғапыл-дықта өткіземіз. Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза парыз екенін баяндайды: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар» (Бақара» сүресі, 183-аят.).

Он екі айдың сұлтаны Рамазан айында ораза тұтқан адамға берілетін бес сый туралы Имам Ахмадтың Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с) ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: «Менің үмбетіме Рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді:

1. Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен (жұпар иісті әтір), сөзсіз, артық болады;

2. Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;

3. Алла Тағала Рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерін тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді;

4. Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды.

5. Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі».

Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?» – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген». Оразаның адамға рухани да, денсаулыққа да пайдасы зор. Соның бірі – сабырлық, төзімділік, мейірімділікке, байсалды болуға тәрбиелеу.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді» (Әли Ғимран» сүресі, 134-аят), – деп бұйырған. Қазақтың атақ-ты жырауы Асан қайғы бабамыз кешірім жайында бір жырында:

Ерегісіп, ұрыспа.

Сенікі жөн болса,

Атың шықпас дұрысқа.

Атаңның құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа, – деп жырлаған.

Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі» (Имам Бұхари, Муслим риуаят еткен). Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде үмметін былай деп сүйіншілейді: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» (Имам Бұхари, Мүслим риуаят еткен). Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деген екен. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады» (Имам Бұхари, Мүслим риуаят еткен), – деген. Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді» (Тирмизи риуаят еткен).

Ораза айы – күнәдан тазару айы. Алла Елшісі  (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы»,– деген. Оразада болатын қиыншылықтарға шыдаған адам тосыннан келген жағдайлардың барлығына да шыдамды келеді. Ораза тұтқан адам кешке дейін ішіп-жеуден, ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды.

Асан қайғы бабамыз тағы бір жырында:

...Ашу – дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі жоқ терең қуысқа?!» – десе, Абай атамыз: «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», – дейді. Рамазан – қайырымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі. Көркем мінезге қатысты хадис шәріпте былай делінеді: «Адамдарды жәннатқа кіргізетін нәрсе – тақуалық пен көркем мінез». Осы хадисте баяндалғандай, жұмаққа лайықты адамның келесі қасиеті ол – көркем мінез.

Өткен данышпандардың бірі: «Нәпсісін ақылына тізгіндеп бере алған адам мақсатына жетеді. Ал, ақылын нәпсісіне тұтқын етіп берген кісі жолда қалады», – деген екен. Адам ақылға ерсе, дәрежесі артады, ал нәпсісіне ерік берген адамгершілігінен айырыла береді.

Құрметті жамағат!

Бірінші кезекте оразаны Алланың ғана разылығы үшін ұстауымыз қажет. Сол кезде парыз орындалған болып, сауапты шипа да болатыны ақиқат. Бір ғана құлшылықтың өзінде бізге қаншама пайдалы сый берген Аллаға сансыз мақтау мен мадақ, Алла елшісіне Алланың игілігімен сәлемі болсын. Оразаларыңыз қабыл болсын!

Аман Айтбосынұлы,  Текелі қаласы «Керімбек би» мешітінің бас имамы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.