Ізгілік мерекесі

Құрбан айт – адам баласының ұлы Жаратушыға деген сенімін нығайтып, адалдықты, бауырмалдықты, бірлікті арттыратын ұлық мереке. Дінімізде айырықша орын алатын Құрбан айт бүгінде халқымыздың қанына сіңіп, салт-дәстүрлерізбен байып, ұлттық мерекеге айналып кеткен.
Ізгілік мерекесі

Құрбан айтта мұсылмандар таза киініп, мешітке айт намазына келеді. Намаздан соң бір-бірін мерекемен құттықтап, ізгі тілек тілейді. Арадағы өкпе-реніштерді ұмытып, бауырмалдық танытады. Туыс-туған, дос-жарандарын, көршілерін ақ дастарқаннан дәм татырады, құрбандық мал етін мұқтаж жандарға үлестіреді. Жүрекке жылы тиетін ақ тілектер айтып, қайырымдылық жасайды. Сондықтанда Құрбан айтта жан мен тән тазарып, қоғам ізгілене түседі.         

Құрбан айтта мүмкіндігі бар мұсылман Алла ризашылығы үшін құрбандық шалады. Құрбандық мал сойып, етін таратумен шектелмейді. Онда адамның ниеті, пейілі, сенімі, ізгілігі, пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы сыналады. Айта кетерлігі, дініміз адамдарға шамасы келмейтін міндеттерді ешқашан жүктемейді. Шариғат – адамды адамгершілік бағытқа бастайтын ізгі жол.   

Құрбандық мал төрт түлік малдан шалынады. Бір жасқа толған, дені сау, күйлі болуы керек. Биылғы қозылар құрбанға жарамайды. Құрбан шалынатын жердің тазалығына назар аудару, сойылатын малды ұрып-соқпай, жүнін жұлып сүйрелемей, бір-біріне көрсетпей жеке-жеке бауыздау лазым.

Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Мал сойған адамға құрбандық малдың етінен, терісі мен бас-сирағынан еңбекақы беруге болмайды. Мал соятын адам мұсылман болуы, сойылатын малдың басын құбылаға қаратып, сол жағына жатқызып, «Аллаһу акбар!» деп бауыздауы керек. Құрбандық малдың етін үшке бөліп, бір бөлігін өзіне қалдырады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі.

Айта кетерлігі, құрбандық – жағдайы бар мұсылманға уәжіп және ол мал союмен ерекшеленеді. Яғни, малды соймай, оның құнын ақша не басқа зат арқылы қайырымдылыққа беру арқылы құрбандық амал орындалмайды.    

Қабат үйлерде тұратын қала тұрғындары құрбандық малды Қора көшесі 65-үйде шалуына болады. Пандемияға байланысты, санитарлық талаптарды қатаң сақтауды еске саламыз. Құрбандық малды айттың бірінші күні айт намазы оқылып болғаннан бастап, айттың соңғы күні кешке дейін шала беруге болады. Сондықтан, айттың бірінші күні құрбан шалуға асығып, адамдар көп жиналмауы, қауіпсіздікке көңіл бөліп, санитарлық ережелерге бағынуы керек.

Аман Медетбеков,қалалық  «Керімбек би» мешітінің бас имамы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.