Ораза айт құтты болсын!

Қасиетті Рамазан айында ұстаған отыз күн оразадан кейін мұсылман әлемі Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Айт сөзі «мереке», «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Осы ретте кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады.
Ораза айт құтты болсын!

 Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Ардақты ағайын! Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Рухани тазару мен жаңаруға жол ашатын осы қасиетті мейрам күллі мұсылман қауымы үшін айрықша маңызды. Рамазан айына жалғасқан бұл жарқын мереке қастерлі дініміздегі мейірім мен шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді. Ораза айт әр адамның жүрегіне иман нұрын сеуіп, ізгілікке үндейді, жұртты жақсылыққа жетелеп, қоғамды игі істерге жұмылдырады. Сол арқылы халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, ырыс-ынтымағын арттырады. Баршамыз айттан айтқа аман-есен жете берейік! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Әр шаңырақ шуаққа бөленіп, қуанышқа кенелсін! Ораза айт құтты болсын!» делінген құттықтауда.

 Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында мол дастархан жайылады. Туған-туысқандар, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтап, сыйлық береді.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.