Жақсылықта жарысайық

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жақсылықта жарысыңдар» деп бұйырған. Ендеше, Рамазан айында мұқтаж жандарға көмектесіп, ізгі ниетпен жәрдем беру, қайырымдылық көрсетіп, жомарттық таныту – барша мұсылманның міндеті. Жомарттық – адам бойындағы көркем мінездердің бірі. Оның сипаты материалдық тұрғыдан да, рухани жан дүниеден де айқын аңғарылады. Айталық, Рамазан айында кешірімді, рахымды болу, үлкендердің, ауырған адамдардың хал-жағдайын сұрап, көңілін аулау, жақсы сөзбен жылы шырай таныту, мұқтаж жандарға көмек беру, ораза ұстағандарға ауызашар беру, міне, осылай жалғаса беретін жақсы істерге мүмкіндігінше жақын болудың береке-бірлікті бекемдеудегі рөлі айырықша.
Айта кетерлігі, ауызашар – тек Рамазан айында орындалатын амал. Бүгінде әлемді жайлаған пандемияға байланысты көпшілік шараларға қатаң тыйым салынған. Тұтас елдің мүддесіне саятын осындай қиын кезеңде бірлікті сақтап, мемлекет белгілеген санитарлық талаптарды орындау – өте өзекті. Сонымен бірге, ізгі істердің өріс алуына атсалысып, мұқтаж жандарға көмек көрсетудің сауабы мол. Қазір оразаның соңғы он күнін өткерудеміз. Қалталы азаматтардың, жомарт жүректі жандардың қолдауымен мешітте күнде ауызашарға арнап қазан көтеріліп, ораза ұстаған тұрғындарға «Жақсылықта жарысайық» тобының белсенділері ас мәзірін таратуда.
Ақан Ырымжанұлы