Қайырымдылық – өнегелі өсиет

Алла елшісі Мұхамед Пайғамбар (с.а.у.) өмірге келген Мәуліт айында жақсы істер істеу, мұқтаж жандарға көмектесу, қонақжайлылықпен жайылған дастарқан басында туыс-туған, дос-жарандар, көршілер бас қосып, Пайғамбарымыздың ізгілікке толы өмірін, адамгершілікті болмысын дәріптеу, берекенің салтанатын асыру – игі дәстүр.
Қайырымдылық – өнегелі өсиет

Десе де, әлемді жайлаған індеттің қайта өршу қаупі артып, елімізде карантин талаптары қатаңдатылуда. Қазір әлеуметтік, топтық шараларға тыйым салынып, індеттің таралуының алдын алу бойынша санитарлық ережелерді орындау күн тәртібінде тұр. Халқымыздың өмірі мен денсаулығы үшін жасалып жатқан шектеулерді түсіністікпен, саналы түрде қабылдау, әсіресе, адамдар жиналып өткізетін шаралардан бас тарту – өзекті. Сондықтан, биыл қалалық Керімбек би мешіті Мәуліт мерекесін қайырымдылық шараларымен қарсы алып, ізгі істерге мұрындық болуда. Жақында мешіт көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп, осындай 25 отбасына ұн, күріш, сұйық май секілді күнделікті өмірге қажетті азық-түліктер таратты.

Мешіттің бас имамы Аман Медетбеков: «Мұқтаж адамдарға қол ұшын беру, тұтас қоғамның тоқшылық өмірге бірге кенелуіне күш салу – сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у) болмысы, адам баласына қалдырған ұлы өсиеті.

Тағылымды мерекеде Алла Елшісіне (с.а.у.) жақындап, өсиеттерін жүрекке ұялатайық. Адамдар арасындағы рақым-мейірім, бауырмалдық арта берсін» деп, жаны жайсаң азаматтардың кәсіптеріне мол береке тіледі.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.