Аман Медетбеков, "Керімбек би" мешітінің бас имамы: Сенім мен ізгілік – жүрегімізде

Тұтас адамзатты әбігерге салған қауіпті індеттің өршуіне байланысты Құрбан айт намазы биыл мешітте оқылмайды, құрбандық тек белгіленген орындарда онлайн режимде шалынады. Карантин талаптарына байланысты ұлық мерекеде орындалатын амалдардың іске асырылу барысы өзгергенімен, біздің жаратушы бір Аллаға деген сеніміміз бен ізгі ниетіміз жүрегімізде, демек, оны нұрландыра білу әркімнің өз қолында.
Аман Медетбеков,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен бекітілген қағидаға сай, азаматтарымыз діни басқарма іске қосқан Qurban2020.muftyat.kz сайты арқылы құрбандық малға тапсырыс беруге болады, яғни, малды онлайн режимде таңдап, ақшасын электронды түрде төлейді. Арнайы дайындықтан өткен қасапшылар малды сойып, жіліктеп, кейін құрбан шалушыға бейне есеп береді және еріктілер құрбандық етті тұтастай мұтаж жандарға таратады. Қала тұрғындары, сондай-ақ, Қора көшесі 64 мекенжайында құрбандық малдарын арнайы қасапшыларға сойғызып, бөліп таратуына да мүмкіндігі бар. Ал, құрбандық ет алушылар мешітке не мал сойылып жатқан жерге келуінің еш қажеті жоқ, еріктілер жеткізіп береді.

Баршаға белгілі, қазір адамдар жиналатын барлық іс-шараларға тыйым салынғандықтан, мешіттер де жабық, алайда, әрбір мұсылманның Жаратушыға деген сенімі оның жүрегінде, істейтін ізгі амалында, сондықтан, ізгі ниетімізді карантин талаптарын сақтай отырып орындауға міндеттіміз, Осының өзінен-ақ мұсылмандықтың игі ұстанымы, халқымыздың ізгі болмысы менмұндалайды. Бәріміз тәртіпке саналы түрде бойұсынып, ұлық мерекеде айналамызға мейірім шуағын шаша білейік!

Шариғат шарттарына сай құрбан шалу үшін сол адамның мұсылман, ақыл есінің дұрыс, балиғат жасында және айт кезінде жолаушы болмауы, сондай-ақ, нисап мөлшеріне (85 грамм алтын құнына) тең келетін мүлкі не ақшасы  болуы шарт. Олай болмаса, құрбандық шалу міндет емес. Ал, дәулетті жандардың шамасы жоқ адамдар атынан құрбан шалуы – Пайғамбарымыздан мұра болып қалған сүннет.

Құрбандық малды 31 шілде таңнан 3 күн бойы кеш батқанға дейін шалуға болады. Қой, ешкі, сиыр және түйе малдары ғана құрбанға шалынады. Қой мен ешкі кем дегенде 1, сиыр 2, түйе 5 жасар және күйлі, кем-кетіксіз, дені сау болуы керек.

Халқымыз атам заманнан бері ұлы табиғатпен бітеқайнасып, ізгілікпен өмір кешкен. Қажет болмаса тірі жанға залал тигізбеген. Осы адамгершілікті қағида біз үшін бүгінде болашақта да ауадай қажет.

Демек, құрбанға шалатын малды ұрып-соғуға, жүнін жұлып сүйреуге, бірінің көзінше екіншісін бауыздауға тыйым салынған. Еппен жығып, төрт аяғын тез әрі мықты етіп байлап, басын құбылаға қаратып, «Бисмилләһ» деп бауыздау керек. Пышақты соятын малдан оңашада өткір етіп қайрап алу және малдың тамақ тұсынан бір-ақ рет тартып, мойындағы негізгі күре тамырларды қиып жіберу – «бауыздалған малдың төрт күре тамырының барлығы кесілуі керек» дейтін Ханафи мазхабына сай, сондай-ақ, қаны сарқылып, жаны шыққанша екінші қайтара пышақ тигізбеу лазым. Малдың жаны шықпай тұрып, мүшелерін кесіп алуға, терісін сыпыруға, үйтуге, қайнаған суға салуға болмайды. 

Құрбан айт – ізгілік мерекесі. Сондықтан, мерекеде сауапты істерді  молынан жасауымыз керек. Қазір еліміз ауыр сынақ кезеңінде тұр, көмекке, қолдауға зәру адамдар аз емес. Қолымыздан келгенше бір-бірімізді демеп, береке-бірлікпен елдіктің үлгісін көрсетуіміз керек.     

Алла ризашылығы үшін шалған құрбандықтарыңыз, жасаған амалдарыңыз  қабыл болсын, індет іргеміз-ден алыстап, еліміздің алаңсыз өмірге қайта оралуын Алла нәсіп еткей!

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.