Елжандылық қарапайым құндылықтардан басталады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Ол халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Ғұлама Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» баршамызға өсиет қалдырды. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни, шынайы ниеттің көрінісі» деп Волонтерлер жылының мән-маңызын айқындап берді.
Елжандылық қарапайым құндылықтардан басталады

Қазір елімізде ерікті жастар түрлі мақсаттағы игі істерге мұрындық болып, Мемлекет басшысының бастамасына үн қосуда. 21 ақпанда «Jas Otan» ЖҚ Алматы облысы филиалының ұйымдастыруымен өткен кездесуге қатысқан «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бахтияр Өнербаев: «Жастық шақ бейне, көктем мезгілі секілді өміршең. Елдің үміті де, зор сенімі де жастар. Жастар отбасында, мектепте алған ізгі тәрбиесін сәулелендіріп, нақты ісімен, болмысымен айналасына қамқорлық пен ізігіліктің, білім мен адал еңбектің қадір-қасиетін дарыта білуі тиіс. Біз үнемі айтатын елжандылық, отаншылдық осындай қарапайым өмір қағидаларынан бастау алады» дей келіп, білімсіз, еңбексіз, ақыл-парасатсыз ештеңе болмайтынын, ата-бабаларымыздың жолын жалғаған әкелеріміз, аналарымыз берік достықты ту етіп, адал еңбекпен біздің бүгінгі өміріміздің негізін қалап бергенін, оны ары қарай дамыту, берекелі, бақуатты, қайырымды қоғамдық орта құруға үлес қосу бүгінгі жас буынның абыройлы міндеті екенін атап өтті. Ұлы Абай сақтандырған бес дұшпаннан – өсек, өтіріктен, құр мақтаншақтықтан, еріншектіктен, даңғой ысырапшылдықтан бойды аулақ ұстап, Абай дәріптеген тау-дай талап, терең ой, қанағатшыл һәм рақымды болуға ұмтылуымыз керектігін еске салды. Елге сүйіспеншілік, көпшіл, бауырмалдық сынды ізгі қасиеттер жастық рухты тасқындатып, адамдық болмысты кемелдендіре түсетінін алға тартып, жастарды өз еркімен ізгілік, адамгершілік бағыттағы іс-шараларға белсенді атсалысуға, қоғамдық тәртіпті сақтап, орта тазалығын жақсартуға, қаламыздың жақсы атын шығаруға шақырды.

Кездесуде «Jas Otan» ЖҚ Алматы облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Ақболатов Еріктілер жылы жастарымыздың бойындағы жақсы қасиеттерді ашуға мол мүмкіндік беріп отырғанын, жастық жігер мен қайрат, белсенділік тұтас қоғамның қозғаушы күш екенін, осынау ерекшелікті жастарымыз халқымыздың ізгі ұстанымдары арқылы дәлелдеуге күш салатындықтарын жеткізді.

Еркін форматта өткен кездесуде қала жастары да ойларын ортаға салып, игі бастамаға өз үлестерін қосатындықтарын жеткізді.

Кездесуден соң жастар ҰОС ардагері Михаил Абрамович Тыщенконың және тыл ардагері Татьяна  Николаевна Громницкаяның үйіне арнайы барып, көңілін сұрады, сый-сыяпат жасап, қариялардың ақ батасын алды. Сонымен бірге, кәсіптік колледжде болып, онда білім алып жатқан студенттердің тыныс-тіршілігімен, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен кеңінен танысты. Студенттердің жатын бөлмелерін көрді. Асханаға бас сұғып, тағам нормаларына, санитарлық талаптардың орындалуына мән берді.

Ақан Ырымжанұлы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.