Жастық жалынды жарқыратқан еріктілер

Осы аптада Талдықорғандағы «Жастар» сарайында өткен Жетісу жеріндегі еріктілер жылының ашылуына арналған салтанатты жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, танымал спорт және өнер саласының өкілдері қатысып, жастардың жалынды жігері мен ақыл-парасаты ел игілігін еселей түсетіндігіне сенім білдірді.
Жастық жалынды жарқыратқан еріктілер

Облыс әкімі Амандық Баталов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жариялаған биылғы еріктілер жылының маңызына салмақ беріп, өңіріміздегі жастардың азаматтық қоғамды жан-жақты дамытудағы белсенді рөліне, әр саладағы ұмтылыстарына, әсіресе, ізгілік пен адамгершілікті, білім мен өнерді, адал еңбекті дәріптейтін игі бастамаларына ризашылығын жеткізді.

Жалпы, ізігілік пен адал еңбек халқымыздың бағзы замандардан келе жатқан ұлттық тәрбиесінің негізі. Тағылымды тәрбиенің жемісі жастардың бойындағы адамгершілік, азаматтық, елшілдік, еңбекқорлық, бауырмалдық қасиеттермен жарқырай түседі.

Осы шындық облысымызға қарасты аудан, қалалардан келген жастардың әр саланы қамтыған тың жобаларынан да айқын аңғарылды. Яғни, жергілікті жердің әлеуетін ашып, оны елдің игілігіне айналдыру бағытындағы жастардың өміршең идеялары мен батыл бастамалары өңіріміздің экономикалық, әлеуметтік дамуына, мәдениеттің, спорттың, салауатты өмір салтының өріс алуына, ұлттық өнердің, салт-дәстүрлеріміздің жаңаша сипатта түлеуіне септесетіні сөзсіз.

Еріктілер ұйымдарының қатарында қаламыздағы кәсіптік колледж студенттерінің «Мейірім» еріктілер тобы мен №5 орта мектебінің «Азамат» патриоттық үйірмесінің жастары зиялы қауым өкілдерінің, талантты жас спикерлердің қанатты сөздерінен, өміршең істері мен тәжірибелерінен жігерленіп, әсер алып қайтты.

«Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген ұстанымды алға шығарған ерікті студенттердің қызметінің негізгі бағыты – әлеуметтік сала. Волонтерлер көмекке мұқтаж жандарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созып, қолдау көрсетуге дайын. Еріктілер «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында, қаламыздың соғыс және еңбек ардагерлеріне, жалғызбасты қарияларға көмектесіп, үй шаруасына  қолғабыс етеді. Қарт кісілермен әңгімелесіп, өмірлік тәжірибелерін тыңдап, батасын алып, ризашылығына бөленіп қайтады. Мереке-мейрамдарда қарияларға сый-құрмет көрсетіп, жылы лебіздерін жеткізеді.

Сонымен қатар, колледж студенттері экологиялық бағытта да қызмет атқарады. Қала әкімінің бастамасымен қолға алынған «Таза қала» жобасы аясында қаламыздың көшелерін, орталық саябақты, өзен жағалауын, аулаларды, сондай-ақ, Даңқ монументі маңын, тау бөктеріндегі бақылау алаңын тұрмыстық қалдықтардан, пластик құтылардан тазартады, оларды салатын шағын қоқыс жәшіктерін орнатады. Қала тұрғын-дарын тазалық сақтауға, жас буын өкілдерін қаламыздың экологиясына жанашырлықпен қарап, тазалықты, бірінші кезекте, өзінен бастауға нақты істерімен үлгі көрсетеді.

Қала әкімі баса назар аударып отырған «Тәртіпті қала» бағдарламасына үн қосып, құқық қорғау органдарында қоғамдық тәртіпті, Қазақстан Республикасының заңдарын сақтау, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында колледжде полицияға қолдау көрсететін «Жалын» студенттік жасағы құрылған. Олар кешкі уақытта қаламыздың көшелеріне құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге патрульдік рейдтерге шығып отырады. Сонымен бірге, төтенше жағдай қызметкерлерімен тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі, газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Волонтер болу дегеніміз – риясыз мейірімділік көрсету, адамдарға жақсылық жасау, талантың мен біліміңді елдің игілігіне айналдыру деген сөз. Осы тұрғыда волонтерлар жылы бізге қырларымызды ашатын мол мүмкіндіктер беріп отыр. Ерікті болу әркімнің қолынан келеді. Ол үшін кең жүрек пен ізгі ниет, еңбекқорлық пен жасампаздық идея қажет. Ендеше, жастық жігерімізбен, бойымыздағы адами құндылықтарымызбен, білім, өнерімізбен ел мүддесіне еңбек етейік.

Жамила Кәдікенова, кәсіптік колледждің жастар ісі  жөніндегі инспекторы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.