Көркіне әр, тіршілігіне нәр

Абай ауданындағы Сырт Қасқабұлақ – Абай дүниеге келген жер. Үлкен Қасқабұлақ, Кіші Қасқабұлақ және Сырт Қасқабұлақ деп бөлінетін жер-су атаулары бүгінде «Абай бұлағы, Абайдың Қасқабұлағы» атала бастаған. Ақынның ғажайып табиғат лирикаларының біразы осы бұлақтың басында туған.Абай жолы басталған осынау қасиетті жер бүгінде мемориалдық кешенге айналып, құлпыра түскен.
Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жатқан қорым да тұтастай жаңғыртылуда. Онда Құнанбай Өскенбайұлының музейі тұрғызылып жатыр.
«Абай-Шәкәрім» үй-жайларының аумағында да ғылыми-реставрациялау жұмыстары жалғасуда. Демеушілердің қаржысымен Қарауыл ауылында мешіт пен қатымхана құрылысы қолға алынған. Сондай-ақ, мұнда Абай атындағы саябақ салынуда.
«Қарауыл төбе» ипподромы мен «Дала сахнасы» жөнделіп жатыр. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда қонақтар үшін визит-орталық болады. Ауылда 300 орынға арналған мектептің құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың жалпы ауданы 6 мың шаршы метрді құрайды. Мектепте 400 орынға арналған акт залы, спорт залы, асхана, модульдік қазандық, спорт алаңы және жасыл аймақ бар. Оқу орнында ІТ білім берудің, роботты техника мен мультимедиялық журналистиканың арнайы сыныптары жұмыс істейтін болады.
Қазақпарат