Сәулелі шырақ

Абай Құнанбайұлы – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл, ұлы ақын. Ол қазақ халқын экономикалық мүмкіндіктері, әлеуметтік әлеуеті, қоғамдық қатынастары тұрғысынан озық ой, салиқалы санамен бағамдап, бір орында шиырлап тұрып қалмай, әлемдік дамудың алдыңғы легінен табылуға қамшылады.
Сәулелі шырақ

Абайдың толысып, кемелденген шағы ғасырлар тоғысына, замандар мен дәуірлердің ауысуы кезеңіне, тұтас адамзат ақыл-ойының жаңарып, түлеу сатысына тура келді. Абай жаһандық дамудан шалғай, сол кездегі әлемдік ақпараттық кеңістіктің сыртында жатқан қазақ даласынан адамзат өркениетінің өресін білім биіктігінен, ақыл асқарынан көріп, халқына шырақ бола білді.
Абай туған халқының адамзатқа ортақ материалдық және рухани құндылықтар негізінде өсіп-өркендеуін армандады. Ғасырлар бойы қалыптасып-орныққан ұлттық болмысты, салт-дәстүрді, шаруашылық дағдыларды сақтай отырып, оны заман талабына сай шеберлікпен жаңғыртуды көздеді. Шындықты бетке ұстауды, ғылым мен өнерге ұмтылып, қараңғылыққа қарсы тұруды ұран етті. Тіпті, дін қызметкерлерінің таяздығынан, шариғат қағидаларының дұрыс түсіндірілмеуінен қарапайым халықтың зардап шегетітінін де ашық айтты. Дін мен ғылымның арасын жақындатып, Алланы жүрекпен сезінуге шақырды. Текті, ұлттық сипатты сақтауға, кім болса, соған еліктейтін жаман әдеттен арылуға үндеді. Ғылым мен өнер, ізгілік қасиеттер адамзат баласына ортақ құндылық екенін ортасынан озып туған тұлғалардың өмірімен, еңбектерімен дәлелдеді. «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас» дегендей, мынау ұлан-байтақ жердің иесі қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде өркениетке бірге, ел болып ұмтылуының көкейкестілігін көрсете білді. Абайдың қара сөздері көбіміздің  арқамызға осылған қамшыдай тиеді. Себебі, осыдан бір жарым ғасырға тарта уақыт бұрын айтылған ұлт дамуына кереғар мінездер мен әдеттерден әлі де арыла алмай келе жатқан жайымыз бар.
Абайдың көзқарасы елдің тыныс-тіршілігінен, сана-сезімінен бөлек, жеке-дара қалыптасқан емес. Оның әрбір өсиетін жүрекпен тыңдап, тереңіне үңіле алған адам халқымыздың орасан зор ұлттық әлеуетін, атап айтқанда, қағілез, сергек, ержүрек, тәуекелшіл, шыдамды, қайсар мінезін бірден сезінеді. Бабадан жалғасып келе жатқан салт-дәстүріне берік қағидашыл қасиетін көреді. Абайдан 20 жыл кейін өмірге келген Әлихан Бөкейхан да халқымыздың жайбасарлығын, аңқаулығын, сенгіштігін, мақтаншақтығын айта отырып, қазақтың жақсы қасиеттерін де аша түседі.
«Қисайып жатып жығылғанға күліпті» дейтін сөзді айтқан қазақ біреуге себепсіз күлмес еді. Мәселе, тоқмейілсіп, дандайсуда. Біздің кешегі аттың жалы, түйенің қомындағы өмірімізді ешбір халық қайталай алмас еді.  Біздің далалық мәдениетіміз, кісілік қалпымыз тіпті ерекше!
Ат құлағында ойнайтын, шу асауды тақымында жуасытатын шабандоз болса да, атқа қамшылар жағынан келсе, қазақ ол адамды ілікке алмайды. Бітті. Қазақ емес, қазақтың жылқысы да қамшылар жағынан ешкімді жанына жуытпайды. Бұл қазақ болмысындағы миллионнан бір мысал ғана!
Ендеше, өзімізге Абайдың көзімен қарап, санамызды Абайдың сөзімен жарқырата білуіміз, жақсы қасиеттерімізді сәулелендіріп, ұлт болашығы үшін еңбек етуіміз керек.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.