Абайды танимын десең, өміріне үңіл

Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыс тауды жайлаған Тобықты елінде дүниеге келді. Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты, Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады.
Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күнке, одан бір ұл – Құдайберді. Ал Ұлжан – Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтіні содан. Құнанбайдың қартайған шағында үйленген төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған.
Білімге құштарлық
Абай ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын оқытамын деп, «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.
«Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал жөне ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады» деп жазды Мұхтар Әуезов.
Жазушының сөзіне қарағанда, Абай бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпаған.
Жастай ел басқару
ісіне араласты
Құнанбай баласының зеректігін бірден байқап, оған жан-жақты білім беруге мүмкіндіктер жасады. 13 жасында оны оқудан алып кетіп, ел басқару жұмысына араластырады. Оған қоса, әкесі өзі де ел тартысында жалғыздық сезе бастайды.
Басында «барып кел, шауып келмен» жүрген жас Абай аз уақыттың ішінде ақылымен, білімімен күрмеуі қиын дау-шарларға кесім айтатын болады.
1885 жылы Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде 100-ден астам би-болыстың қатысуымен төтенше съезд өткізілді. Сонда төбе би болып сайланған Абайға «Семей казақтары үшін қылмыстық істерге карсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылады. Абай бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені 3 күнде әзірлеп шығады.
Абайдың шығармашылығы
Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда». Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. «Сегіз аяқ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» сияқты өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық.
Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан «Татьянаның хатын» және «Ленскийдің сөзін», Михаил Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы» және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті.
Абай мысал өлеңдерін шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын
да меңгерген. Оған «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» сияқты шығарма-лар дәлел. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам. Абайдың іргелі еңбектерінің бірі – қара сөздері. Алғашқы қара сөздері 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа көптеген тілге аударылды.
Балалары
Абай барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Ол ғылым іздеуді өз басына ғана алмай, балаларын да барынша оқытуға күш салған. Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай көнеше білім алған. Ақын, домбырашы болған. Қызы Күлбаданды да Семейдегі орыс мектебінен оқытқан. Ең көп оқыған баласы Әбдірахман (Әбіш) 1886-1889 жылы Тумен қаласындағы Алек-
сандр реалдық училищесін бітірді. Ділдәдан туған кенже ұлы Мағауияны да оқытты. Кейін оны Абай өзі баулыды. Мағауия қысқа ғана өмірінде артына мол мұра қалдырды. Екінші әйелі Әйгерімнен туған баласы Тұрағұл (Тұраш) өте зерек, білімді болды. Ол Абайдың еңбектерін жинап, қағазға түсіру, жариялау тұрғысында көп еңбек сіңірді. Тұрағұлдан кейінгі Мекаиыл (Мекеш), Ізкәйіл (Зікеш) және кенже қызы Кенже, бәрі – оқыған көзі ашық, өнерлі жандар болды.