Руханият бәйгесінен жүлде

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Алматы облысы дін істері басқармасы, дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы ұйымдастырған «Әл-Фарабидің рухани мұрасы» және «Абай шығармаларындағы діннің рөлі» тақырыбындағы облыстық мақалалар байқауында жерлесіміз, философ, теолог ғалым Досым Омаров жүлделі орыннан көрінді.
Руханият бәйгесінен жүлде

Облыс бойынша 40-қа тарта зерттеулер, ғылыми еңбектер сынға түскен сұлу сөз, орлымды ойдың аламан бәйгесінде Д.Омаров 2-орынды иеленіп, арнайы дипломмен және және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Бұрынғы Семей облысына қарасты Бесқарағай ауданындағы Бөденелі деген елді мекенде өмірге келген Д.Омаров Барнауылдағы Алтай политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша үздік бітіреді. 1979 жылы Мәскеу ауыл шаруашылығы инженерлері институтының аспирантурасына түсіп, техника ғылымдарының кандидаттығын қорғайды. 1991 жылдан бастап ҚР Ғылым Академиясында Абай дүниетанымын зерттеумен айналысады.

Ол 30 жылға тарта уақыт ішінде Абай мен Шәкәрімнің рухани мұрасын жан-жақты зерттеп, қос ғұламаның ілімі негізінде 11 кітап жазды, 100-ден аса мақала жариялады. Биыл маусым айында баспадан шыққан «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты еңбегі – Абайдың адамгершілікті ту еткен ұстанымын халық арасында кеңінен насихаттау мен өмір дағдысына айналдыруда таптырмайтын оқулық.

Бүгінде адам баласы бұрын-соңды болмаған материалдық даму мен рухани түлеудің үдерісін басынан өткеруде. Дәл осы аса күрделі тарихи кезеңде ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұлттық ұстаным мен рухани болмысты сақтап қалу аса маңызды. Себебі, алтынға айыр-бастамайтын осынау біртұтас ұлттық идея халқымызды бірік-тіріп, дамудың жаңа жолына бастайды. Абай ілімі осы ұлы үдерістің бағдаршамы іспетті. Атап айтқанда, біз Абай тезінен өткенде ғана халқымыздың шынайы салт-дәстүрімен, діни сенімімен, дүниетанымымен қайта қауыша аламыз. Досым Омаровтың еңбектерінде осы шындық бұлжымас дәлелдермен ашыла түседі.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.