Ұлттық идея ұстанымы

Қаламыздың тұрғыны, философия ғылымдарының докторы, теолог Досым Омаровтың «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты жаңа кітабы жарық көрді.
Ұлттық идея ұстанымы

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында көпшілікке ұсынылған кітап бізге Абай мұраларын, ақыл-өсиеттерін бүгінгі өмірізде пайдалану, ойымыз бен бойымызды Абай ілімімен тәрбиелеу жолдарын меңзейді. 

Д.Омаров көп жылдардан бері Абай мұрасын жүйелі зерттеумен тұрақты шұғылданып келеді. «Абайтану», «Абайдың рухани мұрасы», «Ұлылар үндестігі», «Жасару құпиясы», «Шәкәрім шыңы», «Шәкәрімнің үш анығы» атты кітаптары бар.

Жаңа кітап туралы алғы сөзінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы Сапар Оспанов былай дейді:

«Кітапта қоршаған табиғаттың ғана емес, сонымен бірге қоғам мен адам өмірінің бірлігі ашылып, олардың өзара байланыс сырлары ашып көрсетіледі.

Автор біздің бүгінгі өміріміздің қиыншылықтарын бүкіл адамзат деңгейінде қарастырып, Абай мұрасы арқылы шешімін тауып отырады. Абай мұрасы арқылы рухани жаңғырудың не екенін, оған жету жолын кеңінен ашып береді. Абай мұрасын қолдана отырып, білім алудың сырларын, оның деңгейлерін, бала тәрбиесінің маңызы мен ондағы жіберілетін қателіктер ашылып көрсетіледі. Кітаптың тағы бір маңызды тұсы –
Абай ілімін адамның жетілу барысында қолдануы. Автор Абайдың «толық адам» концепциясын кеңінен ашып, нақтылап көрсетеді. Рухани жаңғыру барысындағы адамның жетілу сатылары жеке-жеке талданады. Бақыт формуласы беріліп, адам өмірін бүкіл әлеммен біріктіреді. Соңында елімізге өркениеттің сара жолына шығуға мүмкіндік беретін қазақтың ұлттық идеясын ұсынады.

Д.Омаровтың бұл еңбегі бүгінгі өтпелі замандағы еліміздің рухани өркендеу үдерісіне қосылған бір сүбелі үлес, деп есептеймін».

 

 

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.