Туризм өрелі мәдениетке байлаулы

Ұлттың жаңа болмысы аспаннан түспейді, ол – бүгінге дейін жинақталған құндылықтарды одан әрі түлетіп, түрлендіру, керітартудан, бойкүйездіктен арылу, бүгінгі жаңа технологияның тілін меңгере отырып, әлемдік дамудың үдерісіне тездеп бейімделу, уақытты барынша ұтымды меңгеріп, бар мүмкіндіктерді халықтың игіліне айналдыру деген сөз. Осы ұлы үдерісте сана маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ұлттық өркениеттен нәр алған Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, мемлекетіміздің, халқымыздың кемел болашағына деген мызғымас сенім және адал еңбекпен, білімге деген құштарлық бізді алға жетелейді.
Туризм өрелі мәдениетке байлаулы

Мемлекеттің жан-жақты қолдауының арқасында қаламыз бүгінде тұрақты дамудың жолына түсті. Экономиканың өрлеуіне орай, қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы да жылдан-жылға жақсарып, соңғы жылдары демографиялық ахуал тек өсіммен сипатталуда.

Айта кетерлігі, қалада жылдар бойы шешімін таппаған күрделі түйіндердің де күрмеуі шешілді. Атап айтқанда, солтүстік тау баурайында жатқан көлемді өндірістік қалдықты залалсыздандыру жұмыстары биыл бас-талды. Яғни, бұрынғы қорғасын мырыш комбинатынан қалған, адам денсаулығына зиянды қалдық тұтастай топырақпен көміліп, оған көп жылдық жасыл өсімдіктер егіледі. Нәтижесінде, зиянды ұнтақтың ауаға, суға таралуына тосқауыл қойылып, қаламыздың экологиялық ортасы жақсара түсетін болады. Әсіресе, көктеммен жазда үйдегі шүмектен лай су ағатын жағдайды түбегейлі өзгерту, қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында игілікті істер тындырылды. Текеліліктердің таза жерасты суын  ішетін күні де алыс емес.

Қаланы көркейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы ұмтылыстарымызға «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы зор серпін беріп, қаламыздағы 15 көшені асфальттау, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу мен жарықтандыру,
арық жүйесін жаңғырту, 6 воркаут алаңын салу, 6 спорттық алаңды бүгінгі заман талабына сәйкестендіру, Рудничный ауылында футбол алаңын салу, №6 орта мектебін сілкініске қарсы беріктей отырып, күрделі жөндеуден өткізу, сондай-ақ, 22 аулада абаттандыру жұмыстарын жүргізу, орталық саябақта ашық аспан астындағы театр салу бойынша ауқымды істер атқарылуда. Тәуелсіздік алаңында және Көктөбе бақылау алаңында бой көтерген айбынды Мемлекеттік Туымыз рухымызды көтеріп, жігерімізді шыңдай түсетіні сөзсіз. Көз алдымызда көркейіп келе жатқан қаламыздың бүгінгі келбеті – ортақ мақсат жолында күш біріктіріп, береке-бірлікпен, зор сеніммен қадамын нық басқан барша текеліліктердің еселі еңбегінің нәтижесі.

Демек, түлеп-түрленіп, ажарлана түскен қаламызға қарап санамызды мәдениетке, өрелі өркениетке қарай бейімдеуіміз, тәрбиелеуіміз керек. Біз қалай болсақ, ұрпақтарымыз да солай болады. Ұрпақты тәрбиелеу үшін, алдымен өзімізді, сөзімізді дұрыстауымыз қажет. Осылай деуге себеп те жоқ емес, айталық, Жеңіс көшесінің бойындағы ауланы тұрғындарымыз еш қысылып-қымтырылмастан «пьяный двор» деп атайды. Қазақшаласақ «ішкіштер ауласы»! Мұны мен өткеннің қаңсығы дер ем. Қазір Жеңіс көшесі тұтастай жаңғыртылды. Көше бойындағы аулаларда бақытты балалар, ойы сергек, рухы асқақ азаматтар тұрады. Меніңше ол аула енді «Бақытты аула» деп аталса құба-құп!

Тұтас әлемдік экономиканың бүгінгі жетістіктеріне тірек болған мұнайдың әлеуетіне деген көзқарастың өзгеруі адам баласын мүлде жаңа нарыққа ынталандыруда. Соның ішінде туризмнің алатын орны орасан. Дәл осы тұрғыда тұмса табиғатпен жарасым тауып, өсіп-өркендеп келе жатқан қаламыздың келісті келбеті талай жанды өзіне баурайтыны даусыз. Қала халқының игілігін еселейтін туризмді дамыту жолындағы  барлық құлшыныстарымыз жаңа техно-логияның әлеуетіне, әсіресе, біздің өрелі мәдениетімізге арқа сүйейтінін ескерсек, өркениетке мүлде жат істерден бойымызды тартуымыз қажет. 

Бұл – біздің әкелеріміз тер төгіп, жасампаз еңбекпен құрған, біз дамытып, көркейтіп жатқан өз қаламыз емес пе, оның абыройы да, ұяты да бізге! Сондықтан, қаламыздың шынайы келбетін күңгірттендіретін, тіпті, ұлттық болмысымызға, ұрпақ тәрбиесіне салқынын тигізетін барлық жаман әдеттердерден арылуымыз, көшелердің, аулалардың, жер, сулардың атауына барынша мән беруіміз керек.

Бахтияр Өнербаев, қала әкімі

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.