Жер баптағанға исінеді

Жолдауда Президент мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы саласындағы орасан зор экспорттық мүмкіндіктері, қазақстандықтарды сапалы, құнарлы азық-түліктермен толық қамтамасыз етуге негізделуі керектігіне баса назар аударды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шетелдіктерге ешқашан сатылмайтынын да атап айтты. Демек, ырысты жерімізді игеру өзіміздің қолымызда. Ол үшін жерді тиімді пайдалану, ысырапшылыққа жол бермеу, дәстүрлі тәжірибелерді бүгінгі ғылым мен техниканың әлеуетімен бірлестіру өте маңызды.
Қаламыздың алдағы дамуы шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетіне және туризм саласына негізделгені баршаға белгілі. Әдетте, адамдарды саяхаттап баратын жерлерінің көркем табиғи ортасы ғана емес, ондағы тұрғылықты халықтың өмір салты, шаруашылығы, жергілікті өнімдері де қатты қызықтырады. Қаламыз орналасқан ортаның табиғаты ерекше көркем, сонымен бірге, таудың баурайлары жемістің сан алуан тұрін өсіруге өте қолайлы. Қазірдің өзінде ондағы саяжайларда өсіп тұрған жеміс ағаштары аз емес. Текелінің алмасы мен алмұртын, бүлдіргені мен таңқурайын неге пайда көзіне айналдырмасқа. Мемлекет басшысы еліміздің даму беталысын, алда басымдық берілетін салаларды айқындап берді. Соның ішінде, жерді пайдалану, оның орасан зор әлеу-етін халық игілігіне айналдыруға ерекше назар аударды. Ендеше еңбек етіп, ғылым мен білімді пайдаланып, жерімізді түлетуге, сол арқылы өмірімізді жақсартуға күш салуымыз керек.
Айгерім СМАИЛОВА, Текелі қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы