Орман – ел дәулеті, жер сәулеті

Мемлекет басшысы: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады» деп алдымызға нақты міндеттер қойды. Осы мақсатта Текелі орманшылығы биыл жалпы аумағы 10 гектар жерге бағалы ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отыр. Қазір егу жұмыстары қауырт жүргізілуде. Орман күтушілер Сарноқай тауының теңіз деңгейінен 1200-1300 метр биіктігіндегі алаңқайларға 1,7 гектар аумаққа Сиверс алмасының көшеттерін отырғызды.
Сиверс алмасы – раушан гүлдер тұқым-дасына жататын, азайып бара жатқан түр. Бүгінде біз сүйсініп жейтін тәтті алмалардың жабайы туысы. Сан алуан түрімен, түсімен, дәмімен ерекшеленеді. Жақсы өскен алма ағаштары гүлдегенде ормарташылар гектарына 25-40 кг бал алады. Тамырлы болып келетіндіктен тау беткейлеріндегі құнарлы топырақ қабатын бекітуші рөлін атқарады. Сондықтан да орман күтушілер көшеттерді ыждағаттылықпен егеді. Олар алдымен таудың құнарлы қара топырағынан балшық жасап, алма көшеттерінің салалы тамырын сонда біраз уақыт бөктіріп алады. Содан кейін ғана алдын ала дайындап қойған шұңқырларға егеді.
Орманшы Ержан Балшықбаевтың айтуынша, тау баурайына ауыр техникалар көтеріле алмайтындықтан, олар құрал-саймандарды, көшеттерді, тіпті көшет егуге қажетті суға дейін төменнен көтеріп шығады. Алма көшеттері жауын суымен өсетіндіктен, белгіленген арақашықты сақтай отырып, жаңбыр, қардың суы жиналатындай етіп, төртбұрыш шұңқырлар дайындайды. Көшеттерді сонда отырғызады және тамыр тартып, көктегенге дейін айналасын шөптен тазартып, күн нұрының толық түсуіне жағдай жасайды.
Олар, сонымен бірге, Горняцкий шағын-ауданындағы тау беткейлерінде 2,6 гектар жерге Сиверс алмасын, Балдырған жайлауында 2,3 гектар аумаққа ақ қайың, 3,4 гектер жерге шырша егеді.
Орман күтушілер жыл бойы тынымсыз еңбек етеді. Тамыз айының соңына қарай таңдап жүріп, сапалы шырша тұқымдарын жинайды. Кептіріп, тазалап, көктемде егуге дайындайды. Қайың тұқымын қазанда жинап, қар жауған соң оны қардың ішінде сақтайды. Теңіз деңгейінен біршама биіктеу тау беткейлеріндегі жасыл жамылғы жайырақ жанданатындықтан, тұқым сақтаған қардың сәуір-мамыр айына дейін еріп кетпеуі үшін жерден қазып, жабық орындар дайындайды. Сонымен бірге, қайың тұқымы себілетін жерді күзде жыртып, майдалап, жұмсақтайды. Көктемде егілген тұқымның қатарға қосылуын қадағалайды. Көшет отырғызылған алқаптарда өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізеді, малдан қорғайды. Олар елді мекендерден тысқары тау ішінде еңбек ететіндіктен, кейде түрлі қауіп-қатерлермен де бетпе-бет келеді. Улы жылан, жыртқыш аң, кенелерден сақтанып жүру керек. Сондықтан, ұжымның береке-бірлігі қашанда маңызды.
Биыл алысты алқымдаған Мәулен Таласбаев – ұжымның ақылшысы. Ағаш тұқымын жинау, сұрыптау, сақтау және оны егу кезіндегі әдіс-амалдарды, әсіресе, жеміс ағаштарының көшеттерін қатарға қосудың баптарын, жинаған өмірлік тәжірибелерін жастарға үйретуден жалықпайды. Соңғы кезде ұжымның кәсіби біліміне мән берілуде. Екі орман күтуші орман шаруашылығы саласы бойынша білім алуда.
«Орман – елдің дәулеті, жердің сәулеті». Ендеше, ағаш егіп, туған жерімізді, Отанымызды көркейту ісіне көп болып қолдау біл-дірейік.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ