Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі

Мемлекет басшысы: «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі. Цифрландыру – сәнге айналған үдеріске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» деді.
Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдеп, мүлде жаңаша дамуға бет түзеуіміз және осы бағыттан таймай, кез келген қиындықтарды ақыл-парасатпен, еселі еңбекпен, бірлікпен жеңе отырып, байыппен, бағалы жетістіктермен жинаған тәжірибелеріміз біздің сеніммен, тәуекелмен реформалар жасауымызға мол мүмкіндіктер сыйлап отыр. Біз бүгінде шынайы іс-қимыл кезеңіне аяқ бастық.
Қазірге дейінгі даму үдерісінде біз бақуатты мемлекеттердің тәжірибесін, әлемдік ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін ұтымды пайдалана отырып, қысқа мерзімде сүбелі табыстарға қол жеткіздік. Елбасының сарабдал саясатымен қазақстандық дамудың үлгісін қалыптастырдық. Өзімізді-өзіміз қамтамасыз ете алатын тұрақты мемлекет құрудың қажетті алғышарттарын әзірлей алдық. Бұл біз үшін орасан зор жетістік болды. Қолымыз жеткен осынау биік жетістіктерімізді сақтай отырып, оны дамыту, болашақ ұрпақтарымызға өмір сүруге барынша қолайлы мемлекетті қалдыру үшін енді өз тәжірибелерімізді пайдалануымыз, өзіміздің өндірісті дамытуымыз, жеріміздің барлық байлығын еліміздің игілігіне айналдыруға күш салуымыз керек. Мемлекет басшысы атап өткен реформалар осы мақсатқа бағытталады және оның барлығы цифрландырумен жүзеге асады.
Ең алдымен, тұтас мемлекетік қызмет халыққа электрондық форматта көрсетіледі. ІТ мамандары күн сайын жаңарып отырған цифрлық дамудың игіліктерін пайдаланып, қызмет алудың тез және барынша қолайлы бағдарламаларын жасап, халыққа ұсынуы тиіс. Қарапайым халық зейнетақы, жәрдемақы үшін есіктен-есікке жүгіріп, уақытын сарп етуден, құшақ-құшақ қағаз жинаудан құтылуы керек. Мұны Мемлекет басшысы: «Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс деп әдемі айтты. Бұл, сондай-ақ, цифрлық технологияның әлеуеті мен болашағын әспеттеген де әрлі сөз болды.
Біз бұдан ой түйе білуіміз, бойкүйездікке салынбай, қазіргі өтпелі кезеңнің мүмкіндіктерін пайдаланып, ақпараттық технология тілін меңгеруіміз, барлық қажетті қызметтерді электронды түрде алуға күш салуымыз тиіс. Себебі, бірте-бірте мемлекеттік қызметтерден тыс банкпен қаржылық жұмыстар, бизнес пен өндірістік қарым-қатынастар, бәрі-бәрі электронды форматта болады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда: «Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн. Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып (47-ден 30-ы), мәліметті цифрлық түрде растауды тапсырамын» деп кесіп айтты.
Демек, реформалар біздің өміріміздің сапасын арттыруға бағытталған, ол біздің тіршілігімізге жаңа өзгерістер әкелуге тиіс және ол өзгерістерге біз дайын болуымыз, атап айтқанда, цифрлық үдерістің дағдысына қазірден бастап бейімделуіміз керек.
Бүгіннің ісін ертеңге қалдырма, ертеңгі күннің өз міндеті бар. Цифрлық технология тілін білу және оны сауатты қолдана алу – бүгінгі күннің ең өзекті талабы. Бүгін білгенің ертең ес қатады.