Берекелі қоғамның қадірін білейік

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында осы таңда әлемде болып жатқан аумалы-төкпелі толқуларға қарамастан еліміз өркендеу ізінен жаңылмауы керектігін алға тартып, саясат, экономика, нақты сектор, заң мен тәртіп, тәрбие мен білім, медицина, мемлекеттік басқару салаларындағы міндеттерді айшықтап берді. Мемлекет тізгінін ұстап отырған Президентіміздің батыл шешімдері, ашықтықты, әділет пен ынсаптылықты алға шығарған нақты қадамдары ел жүрегін жылытты. Бүтін бір елдің даму жолынан белгілі бір саланы бөліп алып қарау мүмкін емес, бәрін бір-бірімен жалғастыратын өміршең өзек бар. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін осы елде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтуы, бақуатты тірлік кешуі, бақытты болуы үшін атқарылып жатқан істерді көзіміз көріп жүр. Соқтықпалы-соқпақсыз жолдардан өткен халқымыз бүгінгі бейбіт, берекелі қоғамның қадірін біледі, қолда бардың бағасын салмақтай алады деп түйсінемін.
Тарих толқындарында теріс саясаттың «сыбағасын» талай татқан халқымыз та-
за, әділетті мемлекеттің тамырын терең-детуге барын салуы керек. Жолдауда Мемлекет басшысы: «Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы»,– деп мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғырту, яғни, Президентті сайлап, депутаттарды жасақтау ұсынысын жариялай отырып, басты құндылығымыз – бірліктің күшіне сенім артты.
Қазір депутаттыққа үміткерлер үгіт-насихат жасап, ел-жұртпен кездесіп, жоспарларымен таныстырып жүр. Газеттен оқып, теледидардан көріп оты-рамыз. Қазақстан тыңнан түрен салып, таза, ашық, әділетті жолға қадам басқанда іс басында нағыз елжанды, іскер, кәсіби, жылтыр сөзден аулақ, нәтижелі жұмыс атқара алатын азаматтар жүрсе дейсің. Үміткерлердің ішіндегі жаңа есімдердің көптігі елге қызмет еткісі келетін жандардың қатары қалың екенін білдіреді деп түсінемін. Саяси белсенділік артып келе жатқаны жақсы үдеріс. Депутат болу деген халық пен билік арасына алтын көпір орнатып, заңнан, қатқылдау айтсақ, ардан аттағандарды бүркемелемей, шындықтың бетіне тура қарап, мемлекеттің, ұлттың мүддесін жоғары қоя білу, халықтың жүрек төрінен орын алу деген сөз. Сондықтан да, халқымыз сайлаудың мәнін тереңнен ұғынып, азаматтық жауапкершілік, белсенділік танытқаны абзал.
Бірлігі жарасқан елге береке ұялайды, ісі ілгері басады. Бізге қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын мамыражай заманды төтеннен келген біреу ешқашан орната салмайды. Өзіміз белснді, еңбекқор болып, ел мүддесін қара басымыздың қамынан жоғары қоя білгенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Болашақ халық қалаулыларының от ауызды, орақ тілді ғана емес, діттеген межені бағындыра алатын тындырымды, білімді, мінезді болатынына сеніммен қараймын.
Мен ақ жаулықты ана ретінде жерлестерімді, елге, жерге жаны ашитын, болашақты ойлайтын азаматтарды 19 наурыздағы сайлаудан сырт қалмай, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Ынтымағымыз бұзылмайтын қорған, қосылып еккен ағашымыз орман, сенім артқан қазанаттарымыз Қазақ елін өрге сүйрейтін қара нар болсын деп тілеймін.
Гүлбаршын БЕКТҰРОВА, «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі