Ауылдықтарға мүмкіндік

Биыл Қазақстанда Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасы іске қосылды. Өткен жұмада «AMANAT» партиясының мобильді топ мүшелері Жандос Әзімбай, Ұланбек Нұрманов, Нұрлан Дулатов Текелі қаласы және Рудничный ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, партияның Үкіметпен бірлесіп іске асырып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы туралы егжей-тегжейлі таныстырды.
Ауылдықтарға мүмкіндік

«Ауыл аманаты жобасының мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агро бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Кездесу барысында ауыл тұрғындарына жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие алу, ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылғыларға лизинг алу, кооператив құрып, инвестициялық субсидияларға қол жеткізу туралы түсіндірілді.

Жалпы бағдарлама негізінде алдымен ауылдағы әрбір үй бойынша статистикалық деректер жиналады. Әрбір елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселелері, сумен қамтамасыз ету, еңбек және қаржы ресурстары ескеріледі. Талдау қорытындылары бойынша әрбір ауылдың, ауданның, облыстың экономикалық мамандануын айқындауға, ауыл шаруашылығы шикізаты ретінде қайда және қандай өнімді тиімді өсіру керектігін білуге, ішкі нарықтың сыйымдылығын және экспорттық әлеуетті ескере отырып, қандай қайта өңдеу және өндірістік қуаттарды іске қосу керектігін анықтауға мүмкіндік туады. Бағдарламаның пилоттық жобасына қатысқан ауылдардағы жағдай өзгеріп, халықтың табысы едәуір артқаны туралы деректер бар.

«Ауыл аманаты» жобасына 18 жастан бастап зейнет жасына дейінгі ауыл тұрғындары қатыса алады. Несиелеу мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруа-шылығы бойынша несие беру 7 жылға дейін лайықталған. Бұл қолдауды ала отырып, кез келген ауыл азаматы кәсібін дамытып, нәсібін арттыруды көздеуі шарт. Білікті мамандар келер жылдан іске қосылатын жоба туралы тұрғындарға жол көрсету, кеңес беруді жалғастырады.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.